Перизат-2: Астанада ата-аналар баласына арналған ақшаны жымқырды деп айыпталды

Көркем Алдабергенова 25 шіл. 2025 12:25

Астанада қайырымдылыққа қатысты тағы бір даулы қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жолы Қаржылық мониторинг агенттігі ерекше баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптыға назар аударған. Балаға ем қажет болып, қаражат жинау басталған. Алайда адамдар көмектесіп, қажетті сома жиналғаннан кейін де, ерлі-зайыпты тоқтамаған.

Козачковтың мәліметінше, Дәулет пен Толқын Тотақановтардың отбасында 6 жылдан астам уақыт бұрын Альтаир есімді ұл дүниеге келген. Көп ұзамай ата-анасы оның дамуында тежеліс барын, өз бетінше отырмайтынын, жүре алмайтынын және тамақ іше алмайтынын аңғарған.

Баланы түрлі дәрігерлер мен реабилитологтарға көрсеткен. Соңында Түркияда 50 млн теңгеге ота жасауға дайын мамандар табылған.

Дәл осы соманы жинау үшін отбасы Instagram желісінде қаражат жинауға кіріскен. Қазақстандықтар баланың шын мәнінде емге мұқтаж екенін көріп, қажетті соманы жинап берген.

Алайда белгісіз себеппен ерлі-зайыпты қайырымдылықты тоқтатпай, жарнамаға қайта қаржы салып, нәтижесінде аударымдар көлемі одан әрі артқан.

Олар осылайша жұмыс істеген – түскен қаражаттың бір бөлігін жарнамаға жұмсап, қалғанын өздеріне қалдырған. Қаржылық мониторинг агенттігінің есебінше, төрт жыл ішінде Альтаирдің еміне 350 мыңнан астам адам қаражат аударған, ал жалпы жиналған сома 1,3 миллиард теңгеден асқан.

Оның ішінде Тотақановтар жарнамаға шамамен 300-400 миллион теңге жұмсаған, ал тергеу дерегінше, баланың еміне небәрі 6 миллион теңгеден сәл аса қаражат кеткен. Қалған ақша жылжымайтын мүлік, көлік, шетелдік сапарлар, құмар ойындар мен басқа да көңіл көтеруге бағытталған.

Жуырда Дәулет пен Толқын Тотақановтардың ісі сотқа жетті – олар алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастырды деген айыппен сотқа тартылып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар