Мемлекеттік мүлік департаменті Перизат Қайратқа тиесілі болған тағы бір автокөлікті сатылымға шығарды. Алаяқтық ісі аясында тәркіленген көліктердің кезекті лоты сауда-саттыққа қойылып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылы шығарылған ақ түсті Mercedes-Benz EQE 500 4Matic автокөлігін сату туралы хабарландыру жариялады. Көліктің мемлекеттік нөмірі – 111 KPK 01.
Бағалаушылар көліктің құнын 26,2 млн теңге деп белгілеген. Алайда техникалық тексеру барысында автокөліктің бірқатар бөлігінде зақым бар екені анықталған. Атап айтқанда, сол жақ есік, артқы көрініс айнасы, жүргізуші жағындағы әйнек, қанат, бампер, табалдырық және сол жақ фара бүлінген.
Лот бойынша аукцион 2026 жылғы 9 шілдеде сағат 10:00-де өтеді.
Сауда-саттыққа қатысу құқығы тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға берілген.