«Пенсиядағы адамға ермек керек». Лукашенко Назарбаевтың көңілін аулап телефон соқты

Dalanews 27 мау. 2023 11:39 1030

Әлдеқашан саудасы біткен Назарбаев әулетінің саяси сахнаға қайта оралуынан қауіптенетін кейбір оқырман Батьканың күні кеше ғана Әбішұлына телефон соққанынан сан саққа жүгіртіп, секем алып қалды, – деп хабарлайды Dala Inside.

Приғожин бүлігін басуға дәнекер болған Лукашенко кеше түс ауа Әбішұлына қоңырау шалып, кешегі дүрбелеңді майын тамызып әңгімелеп бергенге ұқсайды.

Пенсиядағы адамға ермек керек. Ескі доспен есі кетіп сырласқан Назарбаев "Путин мен Приғожиннің арасындағы жанжалға" қатысты біраз инсайд ақпаратқа қаныққаны анық.

Dala Inside арнасы бұдан проблема көріп тұрғанын жазды.

Экс-президентті елеп-ескеретін жалғыз адам – Лукашенко. Беларусь президенті саясаттың кәрі сырттанымен Назарбаев отставкаға кеткелі хат-хабар алмасып тұрады.

Есесіне, ресейлік пропаганда алақанын ысқылап отыр. Бүгінгі жағдай "путиншіл" медиа үшін бірталайға дейін азық болмақ.


Кремль идеологтары "Приғожин бунты Ресейдің ішкі шаруасы екенін" шегелеп айтқан Тоқаевтың кешегі мәлімдемесін таразылау үстінде.

Президент осы арқылы ОДКБ-ның Ресейге бармайтынын аңғартқан еді.

Бірқатар пропагандистер мұны сатқындыққа балап, "Кемелұлы Путиннің жон арқасына қанжар қадады" деген сарында сарнай бастады.


Тоқ етерін айтқанда, Тоқаевқа тісін қайрап жүргендер үшін кешегі инфа іздегенге сұраған болды.

Алдағы уақытта орыстың пропагандистері "Лукашенко қиын сәтте теріс айналған Тоқаевқа қыр көрсетті"; "Назарбаевтың абыройы қазіргі президенттен асып тұр";  "Қос билік ешқайда жоғалған жоқ"; "Экс-президентке хабарласуды Путин бұйырды, оның Тоқаевтан көңілі қалды..." деген сыңайда провокациялық материалдарын аз күнде оқып қалуымыз әбден мүмкін.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар