Павлодарда жаңа автобустар мен трамвайлар жүре бастады (видео)

Dalanews 05 шіл. 2019 10:51 739

Аймақ басшысы Болат Бақауов электробустардың бірін өзі тізгіндеп көрді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа қоғамдық көліктердің таныстырылымы «Ел астанасы - Нұр-Сұлтан» мерекелік іс-шаралар шеңберінде өтті. Павлодарға бірінші классты, сыйымдылығы үлкен электробустар келді.

Сонымен қатар, «№1 автобус паркі» ЖШС 20 «Анкай» маркалы дизель отынымен жүретін автобустарға ие болды. Нәтижесінде қалалық автобус паркі 76 пайызға жаңарды. Бұл Қазақстан бойынша орта көрсеткіштен жоғары. Жаңа қоғамдық көліктер №5, 10, 21, 22 бағыттарындағы қалалық маршруттарда, сондай-ақ, облыс орталығының ауылдық аймақтарының арасындағы маршруттарға қызмет көрсететін болады.



- Павлодарлық электробус – облыстағы қоғамдық қалалық көлікті дамыту саласындағы ірі жоба, - деп атап өтті облыс әкімі. – Бәрі де ел игілігі үшін. Электробустар қала тұрғындарының қозғалысын жайлы етіп қана қоймай, қоғамдық көлікті дамытудың жаңа драйверіне айналады. Электробустар қатты дыбыссыз жүреді әрі ауаға таралатын зиянды қалдықтар шығармайды.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов электробустардың бірін жүргізіп көрді. Ол рульге өзі отырып, қала ішімен жүрді. Электробустар 2013-20 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу Концепциясын жүзеге асыру шеңберінде сатып алынды.

- Автобустар мен электробустарда жолаушылардың жайлылығы үшін, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған, - деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпханов. – Елімізде бірнеше кәсіпорын электробустарды жасап шығарумен айналысады.

Заманауи отандық көліктердің Павлодарға келгені бәрімізді де қуантып отыр.

Сонымен қатар, Павлодарға 4 жаңа трамвай жеткізілді. Трамвай басқармасының көліктерін жаңғырту шеңберінде қыркүйек айында белорустық «БелКоммунМаш» зауытында құрастырылған тағы да 5 вагон әкелінуі керек. Нәтижесінде трамвай депосының қозғалмалы құрамы 40%-ға жаңарады.

 

https://youtu.be/ALo67TCKAr0

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар