Павлодар облысының тұрғыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын сот арқылы қалпына келтірді. Енді оның кезегі балалар үйіне орналастырылған 2008 жылдан бастап есептеледі. Бұл туралы Жоғарғы сот мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Б. есімді азаматша 2008 жылы балалар үйіне қабылданған. Алайда жауапты мекемелер оны "жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша тұрғын үй кезегіне алты жылдан кейін, яғни 2014 жылы ғана қойған.
2023 жылы уәкілетті орган оның басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшкенін негізге алып, баспана кезегінен шығарған. Сотқа дейінгі шағымнан кейін әйелдің кезегі қалпына келтірілгенімен, есепке қою мерзімі 2014 жылдан бастап белгіленген.
Бұл шешіммен келіспеген тұрғын сотқа жүгініп, кезегін балалар үйіне қабылданған 2008 жылдан бастап есептеуді талап етті.
Сот талапкердің тұрғын үй кезегіне уақытында қойылмауына өзі кінәлі емес екенін анықтады. Өйткені сол кезде ол кәмелетке толмаған және баспана алу құқығын өз бетінше қорғай алмаған. Ал оны тәрбиелеген балалар үйі кейін таратылған. Уәкілетті орган да қыздың патронаттық тәрбиеде болғанын растайтын дәлел ұсына алмаған.
Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен жекелеген лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан азаматшаның тұрғын үй құқығы бұзылды деген қорытындыға келді.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, баспанаға мұқтаж ретінде есепке алынған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығарылмауға тиіс.
Осыған байланысты сот тұрғынның мемлекеттік қордан баспана алу кезегін 2008 жылдан бастап қалпына келтірді. Шешім заңды күшіне енді.