Павлодар облысында көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлаған үш жасар бала операция кезінде қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«Өкінішке қарай, биіктіктен құлағаннан кейін Ақсу қаласынан жеткізілген бала операция кезінде көз жұмды. Алған жарақаттары өте ауыр болып, өмірмен үйлеспеді», – деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, 2023 жылы туған бала тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Ол бастапқыда Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда жеткізілген.
Кейін зардап шеккен бала Павлодар облыстық балалар ауруханасына тасымалданған болатын.
Дәрігерлер шұғыл операция жасап, баланың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол ота кезінде көз жұмды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың терезеден құлауына байланысты үш жағдай тіркелген.