Павлодар облысында басшылық Ертіс ауданы әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарына жетім балаға тиесілі пәтерді беру туралы шешім қабылдаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Басылым мәліметінше, Роза Ақанова 2025 жылы ақпанда Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін ол ұзақ уақыт Павлодар облысының білім басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған.
Жаңа лауазымды ескере отырып, ол көшіп, баспана табу керек болған.
“Халықтың әлеуметтік осал тобына жатпайтын тұлғаларға заңсыз тұрғын үй беру деректері анықталды. Мәселен Ертіс ауылы, Мүткенов көшесі, 32-үй, 10-пәтер мекенжайы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қамтамасыз етуге арналған пәтерде аудан әкімінің орынбасары Роза Қабиболқызы Ақанова тұрады”, – деді прокурор әдеп жөніндегі кеңесте.
Прокуратура бұған дейін де баспананың тиесілі адамдарға берілмегенін анықтаған. Сондай-ақ, бос тұрған 14 пәтер бар. Бірақ белгілі себептермен шенеуніктер оны халықтың әлеуметтік осал топтарына беру бойынша жұмыс жүргізбей жатыр.
Басқарма басшысы әдеп кеңесінде ештеңені жоққа шығармаған. Ол шешімді өз бетінше қабылдағанын айтып, пәтер кілтін аудан әкімінің орынбасарына өзі табыстаған.
“Онда жетім балалар жалдау шартымен тұрады. Баспанова деген адам бар. Бірақ оның бұл үйде тұрмағанына бір жылдан асып кеткенін байқаймыз. Сөйтсем, барлық коммуналдық есеп, пәтер ақысы босқа төленіп жатыр екен. Әрі ауданда тұрғын үй болмағандықтан, кілтті уақытша Ақанова Роза Қабиболқызына беруді жөн көрдім”, – деді Ертіс аудандық экономика бөлімінің нақты секторының басшысы Қайролла Елеукенов.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері заңға сәйкес әрекет ету керегін, алайда әкім орынбасарының пәтерде көп тұрмайтынын ескеріп, осыған байланысты лауазымды тұлғаға қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.