Құлдықта болған екі қызға блогер Сариев берген үй сатылып кеткен - дереккөз

Cағыныш Сардарова 18 сәу. 2025 15:33 1414

Түркістан облысында 17 жыл бойы құлдықта болған Назгүл мен Құндызға сыйланған баспана өзге адамға сатылып кеткен. Бұл туралы Руслан Өтепбай видео жариялады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистің сөзінше, 2022 жылы жазда Ілияс Сариев "Елге көмек" қайырымдылық қорының атынан Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылынан 10 мұқтаж жанға тегін баспана береміз деп, елден садақа жинаған. Ішінде Назгүл бен Құндызға арналған баспана да бар.

"Елдің үйі" деген тамаша атты иеленген баспанаға секунд сайын қалың қазақ қомақты сома салады", - деп жазды журналист.

Мән-жайды анықтау үшін Руслан Өтепбай Қарасай ауданына барған. Ал ол жақтағылар бұл жер Марсбек деген кісіге сатылғанын, құрылыс біткен соң қонақүй болатынын айтқан, ал танымал хабарландыру сайтына 45 млн теңгеге жарнамасы жарияланған.

Айта кетейік, бұған дейін "Елге көмек бер" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғанын алғашында заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, жұрттан Сариевтің үстіне арыз түскен.

"Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады", - деді ол.

Артынша Dalanews.kz Алматы Полиция департаментіне сауал жолдап, ресми ақпарат та алды.

"Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған Алматы Полиция департаментінің бұған дейінгі жауабында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар