Павлодар облысында бір жылда 450 келіден астам есірткі тәркіленді

Самал Асқар 06 қаң. 2026 11:40

2025 жылы Павлодар облысында заңсыз айналымнан 450 келіден астам түрлі есірткі заты алынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция дерегінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде аймақтағы есірткі ахуалын тұрақтандыруға мүмкіндік туған. Өткен жылы облыста есірткіге қатысты 241 құқықбұзушылық пен 133 қылмыс тіркелген. Оның 116-сы есірткі сату дерегі болса, 7 жағдай аса ірі көлемде сақтау фактілеріне қатысты.

Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары *Болат Нурсеитов*тың айтуынша, жүргізілген жедел шаралар арқылы шамамен 455 келі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеген.

Сонымен қатар интернет арқылы таралатын есірткі саудасына қарсы кешенді жұмыстар атқарылған. «Киберқадағалау» жүйесінде есірткі жарнамасы бар ресурстар бұғатталған, «Антифрод» базасына 1023 банк картасы енгізілген. Telegram мессенджерінде деректерді алу бойынша 126 санкцияланған қаулы жолданып, «Криптон» жүйесі арқылы 50 криптокошелекке қатысты сұрау салынған.

2025 жылы есірткі қылмыстары бойынша 72 адам ұсталып, олардың 66-сы қамауға алынған. Сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке 4 кәмелетке толмаған тартылған. Жедел бөлімшелер 12 есірткі жеткізу арнасын жойып, 3 интернет-наркодүкеннің қызметін тоқтатты.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес жалғасып жатыр. Бұл бағытта жаңа технологиялар енгізіліп, алдын алу жұмыстарына еріктілер тартылуда. Халықты есірткінің зияны мен заңсыз айналымға қатысудың салдары туралы ақпараттандыруға ерекше мән беріліп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар