Павлодар облысының әкімінің туған әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып,15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистің сөзінше, бір ай бұрын Екібастұзда полиция патрулі Hyundai Tucson көлігін тоқтатып, жүргізушісі әйел адамды ұстаған. Жүргізушіден алкоголь иісі аңқып тұрған, сондықтан оны наркологиялық диспансерге жеткізіп, мұнда оның жеңіл дәрежедегі мас күйінде екені анықталды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама жасады.
"Іс сотқа берілді, онда құқық бұзушы әйел, шын мәнінде, көлікпен ешқайда бармағанын, тек өз көлігінде отырғанын, себебі көшеде тоңып қалғанын және жылыну үшін көліктің ішінде отырғанын айтты. Әйел сәл ішкенін жоққа шығармады. Оқиға осылай болғанын Куликов деген адам да растаған. Ол өзін әйелдің жеке жүргізушісі ретінде таныстырып, көлік оның үйінің жанында тұрғанын, иесі кейбір заттарын алып кету үшін келгенін айтты. Ер адам көлікті ашып, бірге отырғандарын, сол кезде күтпеген жерден полиция келгенін жеткізді. Куликов көліктің орнынан қозғалмағанын айтты", - дейді журналист.
Алайда патруль қызметкерлері оқиға мүлде басқаша болғанын айтқан. Полиция қызметкерлері Тоқтасынов пен Нұркенов жүріп келе жатқан көлікті тоқтатқанын, онда тек әйелдің болғанын, Куликовтың көлікте болмағанын, бірақ алкоголь иісінің сезілгенін айтты.
Сондықтан сот полиция қызметкерлерінің әрекеті дұрыс деп шешкен, хаттама заңды түрде жасалған, құқық бұзушылық расталған. Судья Елубай Серікпаев құқық бұзушыны 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды және 15 тәулікке қамауға алған.
"Қосымша айта кететін нәрсе, біздің кейіпкеріміздің есімі – Айгүл Қуандыққызы Байханова, 53 жаста, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың әпкесі (оны kase.kz арқылы, тіпті ЖСН бойынша тексеруге болады)", - дейді Козачков.
Журналист Михаил Козачков екі маңызды жайтқа назар аудару керегін атап өтті.
"Біріншіден, полиция қызметкерлері мен судья атақты фамилиядан қорықпай, өз жұмысын соңына дейін орындады. Патрульді марапаттау керек. Екіншіден, облыс әкімі өз туысын жазадан құтқармады, яғни кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзім көрсеткенін көрсетті. Заң бәріне ортақ", - дейді журналист.
