Павлодар әуежайын жаңартуға 9,3 млрд теңге бөлінді

Dalanews 04 қаң. 2026 17:35

Павлодар облысында әуежайды жаңғырту жұмыстары басталады. Жоба мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің мәліметінше, реконструкцияға арнаулы мемлекеттік қордан 9,3 млрд теңге бөлінген. Қаражат ұшу-қону жолағын, рулеж жолын және перронды жаңартуға бағытталады.

Жаңғырту нәтижесінде әуежай заманауи әуе кемелерін ұшу салмағына шектеусіз қабылдай алады. Бұл Павлодар өңірінің транзиттік әлеуетін арттырып, жолаушылар тасымалының өсуіне және іскерлік белсенділіктің дамуына серпін береді деп күтілуде.

Жобаның негізгі мақсаты – әуежай инфрақұрылымын халықаралық ICAO стандарттарына сәйкестендіру. Осы аяда ұшу-қону жолағын кеңейту, инженерлік желілерді жаңарту, жарық-сигнал беру жүйесі мен бейнебақылау орнату жоспарланған.

Айта кетейік, қауіпсіздік талаптарына байланысты Павлодар әуежайы өткен жылдың сәуір айынан бері уақытша жабық. Бұған дейін әуе айлағы Астана мен Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсеткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар