Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Франция аумағынан шыға алмай отыр. Оның ісі сотқа бір жылдан кейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Wired журналы француз прокуратурасының өкілі Майлис де Рекке сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
Де Рек бұл мәселе бойынша қандай да бір бейбіт келісім жасауға әлі ерте екенін атап өтті.
Прокурордың айтуынша, Дуровқа ордер беру туралы шешім прокуратура Telegram-ның құқық қорғау органдарының сұраныстарына жауап бермей, түрлі департаменттегі тергеулердің тығырыққа тірелуіне себеп болғанын түсінгеннен кейін қабылдаған. Франция билігі кәсіпкердің үнсіздігін “қылмысқа сыбайлас қатысы бар” деп теңестірді.
Libération басылымының мәліметіне сүйенген Wired журналының жазуынша, 2013 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта француз жандармериясы Telegram-ға жіберілген 2460 ресми сұраныстың жауапсыз қалғанын анықтаған.
Telegram-ның сыртқы және үкіметтік байланыстар бөлімін басқарған Юлия Конли Дуровты платформаның ішіндегі оқиғалар үшін жауапты деп санау қисынсыз екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл жағдай контент модерациясы саласындағы мамандардың тапшылығымен байланысты.
Айта кетейік, бұған дейін Павел Дуровқа Франциядан шығуға тыйым салынғаны туралы жазған едік.
Ол Франция билігіне бес миллион еуро кепілдік төлеуі керек. Бұл туралы Париж прокуратурасының мәлімдемесінде айтылған.
Прокуратураның мәлімдемесінде құқық қорғау органдарының талабы бойынша тергеуге қажетті ақпарат беруден бас тарту, киберқылмыс, ақшаны жылыстату, алдын ала декларациясыз криптологиялық құрылғыны әкелу, баланың суреттерін таратуға қатысу сияқты алты құқық бұзушылық туралы айтылған.
Құжатта Францияда алдын ала тергеу ақпан айында, яғни хабарланған уақыттан ерте басталғаны аталып өткен. Тергеуге сот өтініштеріне жауаптардың толық болмауы себеп болды.
Прокуратура Дуровқа қатысты тағы екі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Олармен француз жандармериясының кибер бөлімшесі мен кедендік алаяқтықпен күрес департаменті айналысады.
Сот шешіміне сәйкес, енді ол аптасына екі рет полицияға келіп, белгіленіп отыруы шарт.
Павел Дуров заңсыз транзакциялар жасайтын онлайн-платформаны басқарғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, Павел Дуров тамыздың 25-іне қараған түні Әзербайжаннан жеке ұшақпен келе жатқанда ұсталды. 26 тамызда Париж прокуратурасы Telegram платформасы арқылы жасалған қылмыстарға қатысты шілде айында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.