Қазақстандағы патрульдік көліктердің 86 пайызында мобильді кешендер орнатылмаған. Ішкі істер министрлігі бұл жол қауіпсіздігін бақылау мүмкіндігін шектейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, соңғы 10 жылда полицияның материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарған. Қазір ел бойынша патрульдік көліктер саны 3 мыңға жеткен.
Алайда олардың басым бөлігі мобильді кешендермен жабдықталмаған.
«Өкінішке қарай, олардың 86%-ы мобильді кешендермен жабдықталмаған», – деді ІІМ өкілі.
Министрлік мобильді кешендердің болмауы патрульдік полицияның жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға, жылдамдықты асыру фактілерін, іздеудегі көліктерді анықтауға және жол-көлік оқиғалары болған жерлерде қажетті ақпаратты жедел жинауға кедергі келтіретінін атап өтті.
Мобильді кешендер жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Алайда өңірлерде бұл жұмыстың қарқыны бірдей емес.
Әсіресе Қарағанды, Қызылорда, Жетісу, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында патрульдік көліктердің мобильді кешендермен қамтылу деңгейі 17 пайыздан аспайды.