Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
26 шілде мен 11 тамыз аралығында 205 елдің 10 500 спортшысы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында 80 қазақстандық бар.
Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты тұңғыш рет стадионда емес, табиғат аясында - Сена өзенінің бойында өтіп жатыр.
Олимпиада алауын дзюдошы Тедди Ринер мен желаяқ Мари-Жозе Перек жақты, ол артынша шармен француз астанасының аспанына көтерілді. Бұл 1783 жылғы оқиғаларға сілтеме - дәл сол кезде француз Джозеф-Мишель мен Жак-Этьен Монгольфье ойлап тапқан әуе шарымен алғашқы ұшу болды.
Еске салайық, ҚР Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі Олимпиада ойындарына қатысатын 80 спортшымыздың барлығы 26 шілде күні өтетін ашылу салтанатына бара алмайтының мәлімдеген еді.
Оған себеп, кейбір жекелеген спорт түрлері жарыс кестесіне сәйкес кейінірек басталатындықтан Парижге де кешігіп баратын спортшыларымыз бар. Сол себепті барлығы аталған салтанатты шараға қатыса алмайды.
26 шілдеге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тас жолдағы велоспорт және стенд ату спортынан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгереді. Ал оның саны 50 спортшыны ғана құрайды.
Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барады.
Ал, еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Амир Закиров 8 тамызда Парижге жетеді.
Кері бағытта елімізге бірінші болып, 4 тамыз күні академиялық ескек есу мен дзюдодағы спортшыларымыз оралады.