Армениядағы парламент сайлауында премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы алдын ала нәтижелер бойынша көш бастап тұр. Республика Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар дауысының 90%-ы саналғаннан кейін партия 50,25% дауыс жинаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Екінші орында кәсіпкер Самвел Карапетян жетекшілік ететін «Күшті Армения» партиясы 23,31% нәтижемен тұр. Үшінші орынға елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,78% дауыспен жайғасқан. Ал Гагик Царукянның «Гүлденген Армения» партиясы 4,2% дауыс жинады.
Осылайша, қазіргі есеп бойынша оппозициялық күштердің жиынтық көрсеткіші 36,88%-ды құрап отыр.
Ресми деректерге сәйкес, әзірге 2005 сайлау учаскесінің 1199-ындағы бюллетеньдер ғана толық саналған.
Армения заңнамасына сай партиялар үшін парламентке өту шегі 4%, ал саяси блоктар үшін 8% болып белгіленген.
Дауыстардың шамамен 10%-ы саналған кезде Никол Пашинян оның «Азаматтық келісім» партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, үкіметті жеке өзі жасақтайтынын мәлімдеген. Алайда оппозициялық партия өкілдері премьер-министрдің бұл мәлімдемесін Орталық сайлау комиссиясына қысым көрсету әрекеті деп бағалады.