Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар тек жалпыұлттық референдум арқылы ғана енгізіледі. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нұрмұхановтың айтуынша, мұндай принципті ұстанымға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударған.
«Мемлекет басшысы Конституцияға кез келген түзету тек референдум арқылы енгізілуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты жобада Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар Президенттің шешімімен тек жалпыұлттық референдум арқылы ғана жүзеге асырылатыны бекітілді», — деді Нұрмұханов.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары жаңа Конституция жобасында Парламент арқылы конституциялық түзетулер енгізу мүмкіндігі толықтай алынып тасталатынын айтты.
Сонымен қатар Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, құжатта референдум өткізуге бастамашы бола алатын субъектілердің аясын кеңейтетін жаңа норма қарастырылған.
«Осы мәселеге байланысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы Президентке ұсыныс енгізе алатын субъектілер қатарына қосымша түрде Халық кеңесі енгізіледі», — деп толықтырды ол.
