Парацетамол мен аутизм арасында байланыс бар ма? Дәрігер пікір білдірді

Асель Қайратқызы 25 қыр. 2025 15:23

Соңғы жаңалықтарға үңілетін болсақ, жүктілік кезінде парацетамол қабылдаудың қауіптері жөніндегі Дональд Трамптың мәлімдемесіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми мәлімдеме жасады. Ұйым өкілдері қазіргі таңда мұндай байланысты дәлелдейтін нақты ғылыми деректер жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты біз Астана қаласының №12 қалалық емхананың педиатр дәрігері Пирманова Гүлмира Махмуддинқызынан сұхбат алуды жөн көрдік, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аутизм спектрінің бұзылыстары әлем бойынша шамамен 62 миллион адамда кездеседі. Дегенмен, олардың нақты себептері әлі анықталмаған және мамандардың пікірінше, бұл бұзылыстардың пайда болуы бір емес, бірнеше фактордың ықпалына байланысты болуы мүмкін.

Соңғы жылдары жүргізілген, оның ішінде ауқымды зерттеулер, жүктілік кезінде ацетаминофен (парацетомол) қабылдау мен аутизмнің арасында тікелей байланыс бар екенін растамады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жүкті әйелдерге дәрігерлердің нұсқауларын қатаң сақтап, кез келген дәрі-дәрмекті тек маманның кеңесінен кейін ғана қабылдауға кеңес береді.

«Сондай- ақ, балаларды вакцинациялау мен аутизмнің арасында байланыс жоқ екенін дәлелдейтін нақты және мол ғылыми деректер бар. Бұл жөнінде әртүрлі елдерде жүргізілген ауқымды әрі сапалы зерттеулердің нәтижесінде біржақты қорытынды жасалған. 1999 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) кеңес беретін тәуелсіз сарапшылар вакциналардың, соның ішінде тиомерсал немесе алюминий құрамындағы екпелердің аутизмге немесе дамудағы басқа да ауытқуларға себеп болмайтынын бірнеше рет растаған»,- делінген хабарламада.

Қазіргі таңда әр үйдің өздік медициналық қобдишасында бар парацетомол- ең кең таралған қызу түсіргіш және ауырсыну басатын дәрілердің бірі. Суық тию, тұмау, бас немесе тіс ауруы кезінде көпшілік дәл осы препаратты қолдануды жөн көреді. Алайда, оның қауіпсіздігіне қатысты қоғамда түрлі сұрақтар туындап жүр. Осыған байланысты біз Астана қаласының №12 қалалық емхананың педиатр дәрігері Пирманова Гүлмира Махмуддинқызынан пікір алдық.

Парацетомол қаншалықты қауіпсіз?

«Парацетамолды ересектер мен балаларға қолдануға болады, бірақ ең бастысы- дозасын сақтау. Парацетамолдың тәуліктік дозасы- әр келіге 10-15 миллиграмм. Тәулігіне ең көп дегенде 4 рет беруге рұқсат етіледі. Қабылдау ұзақтығы 3 күннен аспауы тиіс. Егер бұл уақыттан созылып кетсе, бауырдың замқындауы әкелуі мүмкін. Қызу түсіретін дәрілердің ішінде ең қауіпсізі- парацетомол. Оны жүкті әйелдерге де қолдануға болады. Соңғы теорияларға да сүйенетін болсақ, парацетомолдың аутизмге ешқандай қатысы жоқ деп ойлаймын»,- дейді маман.

Жүктілік кезіндегі қолдану туралы не дейді?

Кейінгі жылдары парацетамолдың жүктілік кезіндегі қолданылуы жайында көптеген пікірлер айтылып жүр. Алайда педиатр дәрігер Гүлмира ханым бұл жөнінде былай дейді:

«Қазіргі таңда парацетамол мен аутизм немесе ұрық дамуына кері әсер туралы нақты дәлелденген ғылыми деректер жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жүкті әйелдерге парацетамолды тек дәрігердің кеңесімен және қысқа мерзімге қолдануға болады»,- деп түсіндіреді маман.

Кері әсерлері бар ма?

Дәрігердің айтуы бойынша, парацетамолдың кері әсерлері сирек кездеседі, алайда толығымен жоқ деуге болмайды.

«Кейбір адамдарда аллергиялық реакциялар, тері бөртпелері, іштің дискомфорт сезімі байқалуы мүмкін. Ал ең қауіпті жағдай- бұл дәрінің бауыр жасушаларын зақымдауы. Әсіресе ұсынылған дозадан асырып қабылдаған жағдайда адам өміріне қауіп төнуі ықтимал. Сирек, бірақ өте ауыр асқынулар: Стивен-Джонсон синдромы, токсикалық эпидермальды некролиз. Бұл жағдайлар терінің іріңдеп, түсуіне, дене қызуы мен жалпы әлсіздікке алып келуі мүмкін.

Рей синдромы- сирек кездесетін, бірақ өмірге қауіпті жағдай. Әсіресе вирустық инфекциямен ауырған балаларға парацетамолды немесе басқа дәрілерді шамадан тыс беру кезінде дамуы мүмкін. Бұл кезде ішек пен бауырдың зақымдануы байқалады.

Қауіпті жағдайлар:

Дозадан артық қабылдау

Алкогольмен қатар қолдану

Бірнеше парацетамол құрамды дәріні қатар ішу

Дәрігер кеңесінсіз ұзақ уақыт пайдалану»,- дейді маман.

Парацетамол- қолжетімді әрі тиімді дәрі, ауырсынуды жеңілдетіп, қызуды түсіруде маңызды рөл атқарады.Дегенмен оны қолдануда сақ болу қажет. Дозаны асырыпалу, алкогольмен бірге қабылдау, ұзақ уақыт пайдалану бауырға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан парацетамолды тек нұсқаулыққа сай және дәрігердің кеңесі бойынша пайдалану – денсаулықтың кепілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар