Пара бермек болды деген айып тағылған шымкенттік шенеуніктің соты басталды

Сағыныш Сардарова 06 нау. 2024 09:52 2837

Шымкентте аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген Мақсұт Исаховқа қатысты сот отырысы басталды. Экс-шенді өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірінші тыңдалымда әкімнің бұрынғы орынбасары жағдайға байланысты өз уәжін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz otyrar.kz-ке сілтеп.

Мақсұт Исахов 2023 жылы 20 шілдеде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді. Алайда қылмыс құрамы анықталмауына байланысты 2 рет іс тоқтатылды. Ал сол жылдың соңында ол аса ірі көлемде пара берді деген күдікпен қамауға алынды.

"2020 жылы 685 млн. теңгеге бағаланған мемлекеттік сатып алу конкурсын "Корпорация "Сити-Строй" ЖШС-і жеңіп алған. Алайда бұған келіспеуіне байланысты "СТАРТ-СТРОЙ" сотқа шағым түсірген. Ал Исахов жеке компания шағымынан бас тартса, оған басқа тендер ұтып беретінін айтып 187 млн. теңге көлемінде қаражат сұраған. Алайда істі "СТАРТ-СТРОЙ" ЖШС-і жеңіп шығып, қосалқы мердігер ретінде "Сити-Строй" ЖШС-і бекітілген. Сотталушыға айтулы жайт бойынша іс қозғалатын болған соң, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарын пара алуға көндіріп, істі жасырмақ болды деген айып тағылып отыр", - деді прокурор.

Ал пара беру дерегі бойынша күдікті жағдай мүлде басқаша болғанын айтады. Оның сөзінше, іс қозғалатын болған соң қомақты қаражатты Шымкент қалалық ҰҚК департаменті басшысының экс-орынбасарының өзі сұраған.

"Мені Сарбасовтың өзі шақырған болатын. Ол үстінен мені қамаққа алу жайында үкім келгенін айтты. Мен "жұмыс орным керек болса, орнымды босата салайын" дегенмін. Бірақ ол көмектеспейтінін айтты. Көрсеткен қызметі қызметпен өтелу керегін айтып, яғни пара беруді тұспалдады.

Бағаны бастапқыда 500 мың деді. Ал мен оның доллар екенін түсінбедім де. Кейін 200-ге түсірді. Мен өзімді бұл істе кінәлі сезінбеген соң ақша беруден бас тартқанмын. Мен не үшін ақша беруім керек еді?" - дейді күдікті Исахов.

Прокурор айыптау актісінде күдікті пара беру үшін арнайы схема құрғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, олар "Асқарға" деген кілтсөзді қолдана отырып, 200 мың долларды қаланың бір дүкенінде қалдырған. Ол жерден қаражатты келесі адам алып, экс-шендіге тапсыруы керек болған.

"Видеоны ашып қараған кезде қара пакетті курьер алып келіп, сатушы қызға тапсырған. Одан кейін видео үзілген. Кейін 1 жарым сағаттен кейін барып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, видеомен түсіріп ақшаны алған. Тағы видео үзілген. Содан кейін басқа бөлмеге барып, пакетті ашып, ақшаны көрсете бастаған. Оның арасында не болғаны белгісіз. Мүмкін курьер бомба тастап кеткен шығар. Түсініксіз. Бір қызығы ақшаны араға 6 күн салып санаған. 6 күн бойы сонда не істегені де түсініксіз", - дейді күдікті.

Бұған дейін экс-мемлекеттік қызметкердің уақытша қамауға алынған-алынбағаны, тергеудің қалай жүргізілгені туралы ешқандай ақпарат болмаған еді. Ал күдікті сол аралықта өзіне қатты қысым көрсетілгенін айтады.

"35 күн бойы тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізді. Логикалық тұрғыда ойлаңызшы, олар қалай тергеу жүргізеді. Ол кезде маған көп қысым көрсетті. Ал уақытша тергеуге көшіргенде карцерде ұстады. Кейін камераға ауыстырды. Жұбайымды қоғамдық қорғаушым ретінде мойындамай сандалтты. Ол кезде маған 10-15 жылға сотталасың деп қорқытумен болды. Егер өзің мойындасаң басқа біреуді ұстап берсең жаза өтеу уақытын қысқартуға көмек береміз деумен болды. Өзім бір өзім қамауда отырдым, бір жағынан 6 баламды ойладым, оның 5 бесеуі кәмелетке толмаған, ал анамның жасы 75-те, ал бір жағымнан үздіксіз қысым көрсетіліп жатты. Мұндай жағдайда мен қалай шешім қабылдарымды да түсінбедім", - дейді ол.

Бұған дейін күдіктінің пара сұраған аудио жазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Исаховтың заңгері ол жазба өңделген болуы мүмкін деп топшылайды.

"Барлық айыптау қағазы Қылмыстық-процестік кодексi нормаларын бұза отырып, қолдан жасалған деп білемін. Менің қорғалушым қазір пара беру дерегі бойынша сотқа жауап беріп жатыр. Оған дейін қызметін асыра пайдаланды деген болатын. Алайда ол істер жабылды да енді, бұл іс қозғалды. Мұнда бір шикілік бар. Ал аудио жазба Мұқсұт Исаховтың рұқсатынсыз қолданылған. Оның үстіне ол монтаждалған. Оған қоса жазба 2020 жылы жазылған. Қазір экспертизадан өткізу үшін сотқа дейінгі тергеу органы монтаждалған және монтаждалмаған нұсқаны алуға тырысып жатыр", - дейді Исаховтың заңгері.

Мақсұт Исаховтің ісі әлі жалғасады. Келесі сот отырысы наурыздың соңына қарай өтеді деп жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар