Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің ушығуына байланысты аталған елдерде жүрген қазақстандық азаматтарды эвакуациялау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін өткен брифинг барысында Ulysmedia.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігінің осы жағдайға байланысты қандай да бір нақты шараларды қолға алып жатқанын сұрады.
"Бұл екі мемлекетте де біздің азаматтар бар. Менің білуімше, Пәкістандағылардың саны Үндістанға қарағанда көбірек. Бұл – елшілікте ресми тіркеуде тұрған азаматтар. Қазіргі таңда ол жақта кең ауқымды әскери қақтығыстар тіркелген жоқ, тек шекара маңындағы аймақтарда оқшау шабуылдар орын алған. Сондықтан эвакуация мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ", – деді Рахметуллин.
Айта кетсек, 7 мамырға қараған түні бақылауға жататын сызықта Үндістан мен Пәкістан арасында атыс басталды. Зымырандар да іске қосылды. Одан кейін Үндістан "Синдур" операциясын бастап кетті. Үндістанның Пенджаб және Пәкістанның Кашмир елдімекендерінде болған атыс салдарынан 31 адам қаза тауып, тағы бірнеше ондаған адам жарақат алды.
Жалпы, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс 2025 жылы 22 сәуірде Кашмирде болған терактіден кейін ушыға түсті. Ол кезде 26 адам қаза тапқан еді.