“Өзенмұнайгаз” компаниясының қызметкерлері жұмыс орындарына оралды

Қаракөз Амантай 05 жел. 2024 13:08 792

“Өзенмұнайгаз” АҚ Бұрғылау жұмыстары басқармасының қызметкерлері жұмыстарына қайта оралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“ҚазМұнайГаз” компаниясының хабарлауынша, 5 желтоқсанда ӨМГ-ге қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасының қызметкерлері кәсіподақпен келіссөздер жүргізген.

Аталған келіссөздер нәтижесінде рұқсатсыз акция тоқтатылып,  ӨМГ Бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшылары жұмыс орындарына толық оралды. Сонымен қатар түсіндіру мен талқылауды талап ететін мәселелер бітімгерлік комиссия отырысында заңға сәйкес құқықтық нормалар шеңберінде қаралатын болады

“ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз сындарлы диалог негізінде тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс екенін хабарлаймыз.“ҚазМұнайГаз” диалогқа әрдайым ашық және туындаған мәселелерді қолданыстағы заңның аясында шешу үшін өзара тиімді байланыс орнатуға дайын”, - делінген мәліметте.

Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" АҚ-дағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің дерегінше, биылғы 12 қарашада «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасы (БЖБ) қызметкерлерінің кәсіподағы рұқсатсыз акция ұйымдастырып, бірқатар талап қойған. Өзенмұнайгаз басшылығы БЖБ жұмысшыларымен тұрақты түрде келіссөз жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, 2024 жылы 3 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды. Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды:

  1. Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек.
    2. Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда, жұмысшыларға ҚМГ және ӨМГ тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды;
    3. Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.

    Хаттама рұқсатсыз акцияға шыққан жұмысшылардың назарына жеткізілді. Алайда, ӨМГ БЖБ кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты.

    ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс екенін хабарлаймыз.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» комапниясының Телеграм арнасына жарияланған хабарламада ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзалатынын алға тартқан еді. Мұнда «Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар 50/50 пропорциясы бойынша тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады» делінген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар