Алматы облысында жастар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Менің таңдауым — заң және қаржылық қауіпсіздік» атты профилактикалық форум өтті. Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті ұйымдастырған ауқымды іс-шараға 500-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Форум барысында мектеп оқушылары құқық бұзушылықтың алдын алу мен қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған авторлық жобаларын таныстырды. Сондай-ақ қатысушылар ұлттық ойын — тоғызқұмалақтан бақ сынап, логикалық ойлау мен стратегиялық шешім қабылдау қабілеттерін ұштады.
Шарада жасөспірімдер үшін заманауи қауіптер — дропперлік, лудомания және вейптердің таралуы сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сала мамандары оқушыларға күмәнді қаржылық операциялардан сақтану, жеке карта мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу және заңсыз ұсыныстардан бас тарту жолдарын түсіндірді.
Форумның қорытынды бөлігінде заңсыз ойын автоматтары, дропперлік карталар мен вейптердің макеттерін жоюға арналған символикалық акция ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты — өсіп келе жатқан ұрпақты жауапты шешім қабылдауға бағыттау және заңды сақтау арқылы қауіпсіз келешек қалыптастыру.