Өзбекстан Еуразиялық одақтың бақылаушысы болды. Путиннің көңілі тоқ 

Dalanews 21 шіл. 2021 02:41 857

Өзбекстан Еуразиялық одаққа бақылаушы статусында қосылды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл жайында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров арнайы мәлімдеме жасап, Өзбекстанның бұл шешіміне дән риза екенін айтты. 

Оның атап өткеніндей Еуразиялық одақтың ықпалын арттырып, құлашын кеңейте түсу ұйымның басты мұратының бірі. 

“Одақтас елдер соның негізінде алыс-барыс, барыс-келісті жақсартып, экономикалық әл-қуатын көтеруге мүмкіндік алады”, – дейді Лавров. 



Өзбекстанның Еуразиялық одақтың құрамына бақылаушы ретінде қосылуы Кремль идеологтарының көптен бері көксеп жүрген арманы. Мәскеу бұл мәселені Өзбекстанның өз ішіндегі ресейшіл саясаткерлердің аузына салып, Мирзияев президент болғалы белсенді үгіттеумен келді. 

Бұдан бұрын өзбек үкіметі “Еуразиялық одақпен әріптесудің жолдарын іздеп жатқанын” мәлімдеген. 

Соның алдында Dalanews.kz-ке сұхбат берген өзбек шолушысы Бахтияр Ерғашев Кремльдің Өзбекстанды ұйымға қосуға ынтық екенін, Кәрімов билігі кезінде Ташкенттің осы блокқа ұмтылмағанын айтқан.

Билікке Шавкат Мирзияев келген тұстан одаққа қосылу туралы талқылаулар қайта қызған.

"Бақылаушы статусы біздің елге тиімді. Өз басым болашақта Өзбекстанның осы одаққа біржолата өтіп кетпей, еркін сауда аймағымен ғана шектелуін қолдаймын. Соның өзі жеткілікті.

Әлбетте өзбектердің өз арасында осы одаққа қосылуды құптайтындар көп.

Олардың уәжі: "әзір Ресейде жан бағып жүрген 2,5 млн-ға тарта өзбек мигранты (бұған Қазақстандағы өзбектің 500 мыңға жуық жұмыс күшін қосыңыз) жарытып жалақы алып, жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады". Өзбекстанның тоқыма-тігін өндірісі, былғары дайындайтын, аяқ киім тігетін өндірушілер тауарын одақ нарығына шығаруға құлшынып отыр. Бірақ таяқтың екі ұшы бар емес пе?

Еуразиялық одаққа өтер болса, өзбектің автокөлік өндіріс жапа шегеді.


Жылына 200 мың көлік құрастыратын Өзбекстанның әлеуетін дәл осы аралықта 2 млн көлікті саудаға шығаратын Ресеймен салыстыруға болмайды. Мұндайда әділ бәсеке туралы айтудың өзі орынсыз.

Өзбекстан осы одаққа өтсе, күллі экономиканың күретамыры саналатын көлік өндірісін күлге көмеді", – деген еді саясаттанушы.

Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) Ресей 2015 жылы Беларусь және Қазақстанмен бірге құрды. Кейін ұйымға Армения мен Қырғызстан кірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар