Отырарда мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті

Dalanews 15 қар. 2018 15:34 843

Бүгін Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІ сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Ерлан Айтаханов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Депутат Асан Аралбайдың төрағалық етуімен өткен сессияның күн тәртібіне Отырар аудандық мәслихатының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы №22/106-VІ «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қойылды.

Сессияда аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Э.Бейсенова хабарлама жасап, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды саралап шықты. Аталған мәселе бойынша тұрақты комиссияның отырысында баяндалып, жан-жақты талқыланғандықтан депутаттар бірауыздан қолдап, шешім қабылдады.

«Қыстың қамын, жаз ойла» деген дана халқымыз. Ауданымыздағы мемлекеттік мекемелер көмірін ерте қамдап, жеке тұрғын үй иелері де қыстың қамын жасап үлгерді. Орталықтағы 24 көпқабатты үйлер де жылумен қамтылған. Аталған үйлер жер асты термальді ыстық суларға қосылған. Өткен жылы қыстың қаһары термальді ыстық судың біраз тұрғын үйлерді жылытуға қауһары жетпейтінін көрсеткен еді. Биыл осы шаралардың алдын алу үшін тұрғын үйлерден өзге нысандарды ыстық судан ажырату туралы шешім қабылданған болатын. Яғни термальды судың барлық жүктемесін тек осы көпқабатты тұрғын үйлерді жылытуға жұмсау. Сессия барысында осы жөнінде баяндаған аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов ыстық суды пайдаланып отырған өзге коммерциялық нысандардың иелеріне алдын ала хабарланып, ескертілгенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, тұрғын үйлерге баратын ыстық су температурасын анықтап, оны одан әрі арттыру жұмыстарына қаржы қарауды сұрады. Өз кезегінде депутаттар аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, бірауыздан шешім қабылдады.

Сессияда сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов алда бірқатар жауапты міндеттердің тұрғанын айтып, елдімекендерді газдандыру, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінде депутаттық корпусты бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Сондай-ақ, аудан басшысы аудандық орталық аурухананың жаңа басшысы Райымбек Тасырбаевты таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар