Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында болашақ ұрпақтың өткенге баға беріп, құнын қастерлеуге жол салатын деректер алтын қазынасын салмақты кітап етіп мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және әдебиет зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашев жинақтаған альбом-кітап Отырар өркениеті қалыптастырған заттық-тұрмыстық және рухани мәдениет жайлы сыр шертеді.
Онда Әбу Нәсір әл-Фараби және оның арғы-бергі ізбасарлары мен тасбаспа мұралары, олардың өзі және отбасы тұтынған қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттары, шаруашылық құрал-саймандары, Отырардың құпия көмбелері, сондай-ақ, 1930 жылға дейін Арыстанбаб кесене-мешіті жанында рухани ағарту ошағы болған шағын мұсылман кітапханасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың киелі өңірге сапарлары мен зиялы қауыммен кездесуі, күні бүгінге дейінгі ұлылардың ұлағатты ізін суытпай, өз аяңымен жалғап келе жатқан кейінгі буынның да өткенге із қалдырар істері туралы сөз болады.
Ежелгі Отырар қаласының дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі, ондағы алар орны бүкіл әлемге аян. Қазақтың біртуар перзенттерінің археологиялық қазба нәтижелері мен деректерді топтастыра отырып келшекке қалдырған жауһар мұралары тарихи жинақтама арқылы Отырар өлкесіне ғана емес, барша түркі жұртына тарала бастады.
"Ғалымдардың айтуы бойынша жазба дерек, дерегі ең аз елміз, бірақ ескерткіштерге ең бай елміз. Біз жазба дерегіміз жиырма пайыз десек, 80 пайыз тарихымыз ескерткіштерде тұр. Еліміздің қайсы бір төбесі мен жәдігерлерінің сырына үңілсеңіз тұнып тұрған тарихы бар. Ал Отырар жайлы аз айтылып, жазылып жатқан жоқ. Бірақ, сол деректердің бәрінің басын қосып, келер ұрпақтың еншісіне қалдыру жұмысы Отырар ауданының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың бастамасымен жүзеге асты. "Отырар жәдігерлері" жылы шағын кітап ретінде жарық көрді. Ал биыл деректер мен тарихи құндылықтар жайлы ақпараттар толықтырылып, үлкен энциклопедия түрінде жарыққа шықты. Қуаныш Айтаханұлы Отырар ауданын басқарған жылдары осы ұсынысын жеткізген болатын. Отырардың тарихи құндылықтарымен қатар, осы өлкеден шыққан ақын-жазушылар да енгізілді. Елбасының Отырарға сапарлары жайлы да толық баяндалады.Бұл кітапта 40 жылдық еңбек бар. Қуаныш Айтаханұлы бір жыл көлемінде жазып шықты", - дейді "Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби" музейінің негізін қалаушы, әдебиет зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашев.
Отырарды ұлылардың Отаны деп босқа айтпайды. Ұлылардың басында Әбу Насыр әл-Фараби тұрғаны белгілі. Әл Фарабидің қасында тағы да отыз әл Фараби болған дейді. Оның бәрі тегін емес. Ал олардың сарқыты - кешегі Өзбекәлі, Шәмшілер. Күні бүгін күллі түркі жұрты бас сұғып, жәдігерін тамашалап жүрген "Отырар" мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаған Асантай Әлімов атты музей жанашыры болатын. Ол кісіні "Музей адам" деп атайтынбыз. Музейдегі жәдігерлерді аянбай жинақтап, келер ұрпаққа табыстады. Музей үшін нағыз берілген жан еді. Сол Асантай Әлімовтің тәлімін алған бірден-бір шәкірті - Абдулла Жұмашев. Бар ғұмырын іздеу, еңбектену, жинақтауға арнап келеді. Қуаныш аға екеуі Отырардан шыққан барлық ақын-жазушыларды түгендеп, кітапқа енгізгеніне қуандым. Бүгінгі асыл дүниені келешек ұрпақ оқиды. Қасиетті жерде туған шешен сөз зергерлерін де тарих бетінен танитын болады. Елі үшін аянбай, бар жан-тәнін салатын Қуаныштай, Абдулладай жанашыр ағалары бар ел бақытты. Кітапта бүгінгі қос тұлғаның қолтаңбалары ерекше сайрап тұр",-дейді Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова. "Отырар жәдігерлері" кітап-альбомына от ауыз, орақ тілді қазақтың арқалы айтыскер ақын қызы Әселхан Әлішеріқызының "Жәдігерлерім" өлеңі енген.
1000 дана таралыммен жарық көрген "Отырар жәдігерлері" кітап-альбомына жуырда ғана Түркістан қаласы мен Отырар ауданының мәдени-рухани тыныс-тіршілігімен танысуға Ұлыбритания, Индонезия, Италия, Қытай, Корея, Польша, Франциядан арнайы келген журналистер де қызығушылық танытып, оң пікірлерін білдіріп сыйға алған болатын.
Отырықшы мәдениеттің ошағы, әлемдік мәдениеттердің іргелі орталығы, дүниеде теңдесі жоқ ұлы ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің туған жері, Қожа Ахмет Ясауидің ұлы ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбабтың, Орта Азияны билеген атақты әмірші Әмір Темірдің ақырғы демін алып, Алла аманатын тапсырған мекені, ұлт мұрасы жайын ойлаған Өзбекәлі Жәнібековтей қоғам қайраткері, әнімен қазақтың ұлттық болмысын айқындап, әнұранын тудырған Шәмші Қалдаяқовтай, өткір ой мен орамды сөзден өлең өріп, тұлғасы шыншылдық биігінде ерек Мұхтар Шахановтай ұлы ұрпағы бар Отырар даласының дархан тарихы ел келешегінің рухани байлығын көксеген, халық сүйіспеншілігіне бөленген қос тұлға-Оңтүстіктің Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов пен
әдебиет зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашевтардың еңбегімен жалғасын тапты.
Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі