Мерекелік іс-ашара Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде «Мен Президентіммен мақтанамын» тақырыбында жалғасын тапты.
Еліміздің ынтымағы мен бірлігін берік сақтап, ел тізгінін ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын кеңінен насихаттау, жас буындарға патриоттық тәрбие беру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа,үлкенді құрмет тұтуға баулу мақсатындағы мерекелік шарада білім ордасының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің мазмұнын аша түсті.
Мектеп фойэсіне тұлғаның кітаптары мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылып, Елбасымыздың жүріп өткен жолдарынан сыр шертіп, өнегелі өмірі мен жемісті қызметіне арналған жинақтар да тамашаланды.
Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлаған шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып,мерейлі мерекемен құттықтап,еліміздің ертенгі болашағы болып саналатын бүгінгі бүлдіршіндеріміздің өнерлерін тамашалады.
Салтанатты шара барысында ел Тәуелсіздігіне арналған арнайы бейнетаспаны тамашалаған көпшілік Тұңғыш Президентіміздің өткен өмір жолдарына тағы да бір мәрте қаныға түсті.
Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында «Елбасы – елдің тірегі» атты мерекелік іс-шарасы өткізілді. Халқының қалауымен 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық сайлауда басым дауыспен еліміздің тұңғыш Президенті болып сайланған Елбасының өнегелі өмір жолдары мен жеткен жетістіктері оқушылардың арнау өлеңдеріне арқау болып, ет жүректі елжіретер патриоттық әндер шырқалған мазмұнды іс-шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға Мемлекет басшысының ғибратты істерін үлгі-өнеге ете отырып, әсерлі әңгіме өрбітті.
«Кемеңгер Елбасы - ырысы елімнің» атты мәдениет сарайындағы салтанатты жиын бүгінгі мазмұнды өткен барлық іс-шараларды қорытындылады.
Салтанатты жиын «Күн бейнесі» би композициясымен басталып, ашық деп жарияланған соң мемлекеттік Әнұран орындалды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтарды мерекемен құттықтап, әр сала бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосқан қызметкерлер аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды
Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.