Отырар ауданында сенбілік өтті

Dalanews 17 қар. 2018 15:18 1126

Отырар ауданында жалпы халықтық сенбілік өтті. Тазалық шарасына13 ауыл округінің тұрғындары белсене қатысып, "Тазалық денсаулық кепілі" деген ұстаныммен көшет отырғызу, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысты. Бұл игі іс-шарадан мекеме, ұйым қызметкерлері де шет қалған жоқ.

Сенбілікте төңіректер тазаланып, тал-дарақтар әктелді, арық-атыздар шабылды, мекеме-ұйым ғимараттары алдына көшеттер отырғызылды.

Аудан орталығы Шәуілдір ауылынан басталған тазалық жұмыстары көшелердің шырайын арттыра түсті. Жалпы орталықтағы "Жібек жолы" даңғылы бойына 500 түп, Арыс жағалауы бойындағы саябаққа 800 түп, "Оқсыз" спорт кешенінің аумағына 400-ге жуық көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ, Темір ауылындағы саябақ пен мәдениет үйінің маңына 500 түп, Шілікте 2100 түп, Қарақоңыр мен Балтакөлде 1260 түп, Отырар мен Маяқұмда 2520, Қоғам мен Қарғалыда 2310, Аққұм, Көксарай, Ақтөбе ауыл округтерінде 840 түптен көшеттер отырғызылды. Аталған көшеттердің барлығы да саябақтар мен гүлзарларға, сонымен қатар арнайы белгіленген орындарға егілді.

Өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке шақыратын тәрбиелік мәні зор шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты. «Бұйыртса, осы ағаштардың саясында әлі талай отырып, демаламыз» деген ауыл қариялары аптаның әр сенбісін тазалыққа арнап, келер ұрпаққа өнеге болып жүрген ел азаматтарының ісіне сүйсініп, қызу еңбекке өздері де атсалысты. Отырғызылған жасыл желекті көз қарашығындай сақтап, келешекке жеткізуді аманаттады.

Ауыл – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет. Өйткені, ортақ үйіміздің көркеюі өз ауламызды таза ұстаудан басталатыны белгілі. Сенбілік барысында осыны жастарға сабақ еткен тұрғындар қаймағы бұзылмас ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетті.



Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар