«Отбасы банк» Жаңаөзен жастарына жайлы қоныс сыйлады

Dalanews 08 қаз. 2025 14:50

Жыл сайын елімізде «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары арқылы құтты қонысына қол жеткізген қазақстандықтар қатары артып келеді. Таяуда олардың сапына Маңғыстау облысының бір топ азаматы да қосылды. Бұл өңірдің жұртшылығы банк ұсынған бағдарламалар арқылы пәтер кілттерін қолға алды.

Сондай бақытқа бөленген жандардың бірі - Таңсұлу Абатаева. Ол сегіз жыл бойы бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатып жүрген ардақты ұстаз, көпбалалы ана.

«Жолдасым жеке меншік компанияда өрт сөндіру техникасының жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ата-енемен тұрып, үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыздың болашағы үшін пәтер алуды ойластырып, осыдан екі жыл бұрын «Отбасы банкінде» шот ашқан едік. Өткен жылдың соңында «Маңғыстау жастары» бағдарламасы туралы біліп, құжаттар тапсырдым. Сәті түсіп, өтінішім мақұлданды. Сөйтіп, екі бөлмелі пәтер иесі атандық.

Бағдарламаның басым тұсы - бастапқы жарнаның небары 10% болуы. Бұл - жастар үшін көп көмек. Жылдық пайыздық мөлшерлеме де төмен. Екі бөлмелі пәтер үшін ай сайын 105 мың теңге төлейміз. Салыстырар болсақ, Жаңаөзенде үйді жалға алудың ақысы - кемінде 160 мың теңге. Демек, бағдарламаға қатысушылар үшін ұтымды тұсы көп»,-дейді жас ұстаз.

Жастарға арналған жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдік 500 млн теңге бөлді. «Отбасы банк» АҚ да осындай көлемдегі қаржы қарастырды. Сол арқылы жастар Ақтау қаласынан үй алу үшін 15 млн теңге, Жаңаөзенде баспаналы болу мақсатында 10 млн теңгеге дейін несие ресімдей алады. Жылдық пайыздық мөлшерлеме 6% (ЖТСМ 6,2% дан 6,6% дейін),бастапқы жарна бар-жоғы 10% болады.

«Отбасы банкпен» бірлесіп жастар үшін қолға алынған бағдарлама Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстарын да қамтиды. Бұл ретте 18 бен 35 жас аралығындағы 1 миллионнан астам қазақстандық тұрғын үй алу үшін жинақ шотын ашқанын атап өту керек. Сол арқылы ұстаз, дәрігер, мәдениет пен спорт қызметкерлері, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала, азаматтық қорғаныс, ауыл шаруашылығында қызмет ететін жастар тиімді жолмен қалаған үйін ала алады.

Ал жұмысшы мамандық өкілдері үшін «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы қолайлы. Ол энергетика, өндіріс, құрылыс, көлік сынды салаларда еңбек етіп жүрген жандарға бағытталған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске қосылған бағдарлама арқылы екі мыңға жуық қызметкер қоныс тойын тойлап үлгерді.

Бағдарлама Маңғыстау облысында да сәтті іске асуда. Айталық, Жаңаөзен қаласындағы «Өзенинвест» коммуналдық мекемесінде 10 жылдан бері су ресурстарын бақылау және есептеу бөлімінің шикизат инспекторы қызметін атқарып жүрген Айнұр Сейітжанқызы аталмыш бағдарлама бойынша қаланың қақ ортасынан жаңа екі бөлмелі пәтер сатып алды.

«Жолдасым екеуіміз жеке үйіміз болғанын қалап, 2021 жылы «Отбасы банкте» шот аштық.Биыл банктің әлеуметтік желідегі парақшасынан «Наурыз Жұмыскер» (7 % ЖТСМ 7,1% дан 9,6% ға дейін. 9% ЖТСМ 9.4% дан 13% ға дейін) бағдарламасы туралы біліп, тиісті құжаттарды тапсырдым. Барлық талапқа сай келіп, арманымыз орындалды. Жаңадан салынған заманауи үйден екі бөлмелі пәтер бұйырды. Атап өтер жайт, мен тұрғын үй кезегінде тұрған бес баланың анасы болғандықтан, несие 7%-дық мөлшерлемемен ғана берілді. Оған қоса, Маңғыстау облысының әкімдігі 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификатын табыстады. Бұл көпбалалы отбасымызға зор қолдау болды»,- дейді Айнұр Сейітжанқызы.

Жаңаөзендік Қанағат Сүесінов те «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасының игілігін көрді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнай саласында еңбек жолын бастаған ол бірден бес бөлмелі пәтер иесі атанды.

«Әр бала ата-анасының үмітін ақтап, оларды қуантуды қалайды деп ойлаймын. Мен де әріптесімнен «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы туралы естіген соң үй алуды ойластырдым. Шыны керек, жұмысқа таяуда ғана орналасқандықтан, қомақты сома жиналған шотым болған жоқ. Бұл бағдарламаның басым тұсы сол, тез арада баспана алуға мүмкіндік бар. Небары үш-төрт айдың аралығында ақша жинап, «Отбасы банктегі» шотымды қажетті сомаға толтырдым. Сол арқылы 20 млн теңгенің пәтерін алу үшін 10 жылға ипотекалық несие алдым. Оның басқа банктерге қарағанда пайызы да айтарлықтай төмен. Небары 9%-дық мөлшерлемемен (ЖТСМ 9.4% дан 13% ға дейін) есептелді. Бұған дейін ата-анаммен екі бөлмелі пәтерде тұрсақ, енді бес бөлмелі баспанаға жайғастық. Әкем мен анамның қуанышында шек жоқ. Бізді осындай бақытқа бөлеген «Отбасы банкке» айтар алғысым зор»,-деп түйіндеді жас маман.

«Отбасы банк» Жаңаөзен қаласында өз клиенттері үшін ұйымдастарған кең ауқымды Open Air шарасында мақсатына жеткен маңғыстаулықтарды құттықтады. Олардың қатарында кейіпкерлеріміз де бар. Ашық аспан астында өткен айтулы шараға 800-ден астам адам жиналды. Оларға банк өнімдерінің түрі-түрі таныстырылып, танымал эстарада жұлдыздары өз өнерлерін паш етті.. Алдағы уақытта осы шараға куә болған тұрғындар да банк бағдарламаларының қатысушылары қатарына қосылып, қоныс тойын тойлайды деген үміттеміз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар