Отандық ғылымға жаңалықты жастар әкеледі

Dalanews 21 қаз. 2022 04:41 1235

Қазақстандық жас ғалымдар әлемдік ғылымға үлкен жаңалық енгізуге күш салуда. Мәселен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында құрылған нанотехнологиялық ғылыми орталығының жас өнертапқыштары әлемде теңдесі жоқ «Экзоскелет» киімін жасап шығарды. Осы орайда орталықтың меңгерушісі Эльдар Көпішевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– Эльдар, сонымен экзоскелет деген не?

– Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – адамды «терминаторға» айналдыратын нанотехнологиялық өнім. Алайда біз жасап жатқан киімнің жапондықтар ойлап тапқан технологиядан ерекшелігі бар. Бiрiншiден, бұл соғыс құралы емес, қайта күнделікті өмірге арналған, адамның, оның ішінде мүгедектердің жүріп-тұруына септесетін жаңа технология. Киiмдi бойына орнатқанда адамның жүрісі ширап, кез келген істі атқаруда роботқа сүйенетін болады. Алдағы он жылда экзоскелетке деген сұраныстың өсетіні анық.

– Ендiгi жерде, өзiң қызмет ететiн нанотехнологиялық орталықтың құрылуы жөнінде бірер сөз айта кетсең...

– Орталықтың құрылғанына біраз уақыт болды. Қазіргі таңда қазақ ғылымының өндірушілік қуатын арттыру мақсатында аянбай еңбек етудеміз. Ғылыми орталықта 16 жас ғалым қызмет етедi. Бiздiң қарапайым адамға тосын көрінер жобаларымызға университет басшылығы қолдау көрсетіп отыр. Осының өзі отандық ғылымды қанаттандыруға, қарыштатуға қосқан үлкен үлес деп ойлаймын.

– Ғалымдардың сөзін бақсақ, алдағы болашақта нанотехнология адамның мінез-құлқын, түр-келбетін, сөйлеу мәнерін, ой-ниетін түбегейлі өзгертпек. Яғни, нанотехнология арқылы сырттан төнетін қатерге біз де бейжай қарамауымыз керек қой?

– Осы арада айтарым, біз дамыған елдер енгізген жаңалықтарына үрікпей қарауымыз керек. Нанотехнология әлемдік индустриядағы ең төңкерісті сала. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл «ергежейлі технология» деген мағына береді. «Нано» сөзінің өзі «мыңнан бір бөлшегі» дегенді білдіретіні белгілі. Тарқатып айтқанда, кез келген материяның мыңнан бір бөлшегі ғана бастапқы шыққан тегіне мүлде ұқсамайтын физикалық күшке ие болады.

Қазіргі таңда «сандық технологиямен жұмыс істейтін бүкіл электрондық дүниелер» нанотехнологияның жемісі.

Біз отандық медицинаға нанотехнологияны қазірден енгізе бастауымыз керек. Ғалымдардың пайымдауынша, нанотехнология өнімдерін медицина саласына дендеп енгізген кезде адам баласы барлық дерттен айығады.

– Алға қойған басқа да ірі жобаларың бар ма? Қазір нақты немен айналысып жатырсыңдар?

– Бүгінде нақты белгілеп алған ірі жобаларымыз бар. Мәселен, ерекше қабілетке ие экран, принтер жасау, сондай-ақ, гелионасос, наноробот жасауды көздеп отырмыз.

Бұл бүгінгі ғылымда зор жаңалық десек те болады. Аталған жаңалықтарды жүзеге асыру мақсатында өзге облыстардың, шетелдің оқу орындары, өндіріс ошақтарымен ынтымақтастықта жұмыс жасадық.

Сонымен қатар жаңағыдай жобалардың көбі микросхемалы болғандықтан оған сай құрал-жабдықтардың, қондырғылардың жетіспеушілігі де бар.

– Өзің атап өткен жобаларыңыздың ұтымдылығы, ерекшелігі неде?

– Мәселен ерекше қабілетке ие экран кәдімгі ұялы телефонның экранымен бірдей. Үлкейтуге де болады. Бұларды көшелерде тұратын алып экрандармен алмастыруға да болады. Осылайша энергия үнемдейміз.

Сөніп тұрған жағдайда нанотехнологиялық экран мөлдір шыны тәріздес кейіпке енеді. Осы себепті автобустың терезесі ретінде де қолдануға да болады.

Жалпы алғанда, жаңа өнім жан-жақты қолданысқа ие. Ал, біз құрастырып жатқан принтердің кәдімгі қолданыстағы принтерлерден ұтымдылығы тағы да энергия көздерін үнемдеуі, ыңғайлылығында.

Принтерлер ноутбуктің беткі қақпағына бекітіледі, су қосылған сия пайдаланылатындықтан бағасы қазіргі қолданыстағы принтерлерден едәуір арзан болады деп отырмыз. Сондай-ақ, басып шығарған қағаздарының сапасы қазіргі принтерлерден артық болмаса, кем соқпайды.

– Айтпақшы, сендер, көкөніс өсіруде де нанотехнологиялық жаңа жобаларды пайдаланды деп естідік...

– Иә, көкөніс өсірушілермен келісе отырып, алғаш рет құрамында вирусы жоқ картоп ектік. Картопты құртатын 30-дан аса ауру бар екені белгілі.

Жалпы, жыл сайын елiмiздегi көкөніс өнімдерiнiң 20-30 пайызы осы вирустардың кесірінен жеуге жарамыз болып қалады. Ал жаңа технолология аталған аурулардың алдын алады.

Алдағы уақытта нанотехнологияны ағаш көшеттерін отырғызу мен мал шаруашылығына қолданбақ ойымыз бар. Осы мақсатта арнайы зерттеу тобы құрылып, төрт түліктің ұрығын сақтау және қолданудың жаңа әдісін жасау үстіндеміз.

Егер ұрықты көшiрiп отырғызу жобасы өз жемісін берсе, ірі-қараны 3-5 жыл iшiнде тұтастай жаңартуға болады. Сол арқылы әрбір сиырдан жылына орта есеппен 5-6 мың литр сүт алуға, ал олардың салмағы 600-700 келіге дейін жеткізуге мүмкіндік аламыз.

– Сонда бұл инновацияларды қаржыландыру, өндіріске енгізу жағы қалай жүзеге аспақ?

– Мұндай үлкен жобаларды университет қалтасы көтермейтіні анық. Дегенмен, отандық ғылыми жаңалықтарға қызығушылық танытатын демеушiлердің табыларына сеніміміз мол.

Өйткені жаңа жобалар ел өндiрiсiне зор пайда әкеледі. Ескерте кетейін, біз бұл салаға енді кіріспекпіз, ал әлем алға озып кеткен. Озып кеткендерді қуып жетіп, алға шығу үшін де қанша мөлшердегі инвестициялык қаржы қажет екенін бағамдау киын емес.

Қазірде «Нанотехнология» деген атаумен грант алам деушілер көбейіп кетті. Мақсатты жұмысы жоқ. Меніңше, ел Үкiметi ең алдымен жас өнертапқыштарға көмек көрсетуі керек. Отандық ғылымға жаңалық әкелетін де жастар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар