Өскеменде «Ұлттық киім» күніне орай көптеген іс-шаралар легі өтті. Солардың бірін Оралхан Бөкей атындағы кітапханадан тамашалап қайттық. Онда әртүрлі тақырыпты қамтыған, ұлттық құндылықты насихаттауға арналған «Оюлар сөйлейді» атты фестиваль-жәрмеңке өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Фестиваль-жәрмеңкеде көз қуантар дүние көп болды. Ұлттық киімдер, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар, оюлы сырмақтар, шапандар мен тақиялар бәрі-бәрін фестиваль-жәрмеңкеге қатысқан жұрт қызыға тамашалап, ұнатқанын сатып алып жатты.
«Оюлар сөйлейді» атты фестиваль-жәрмеңке бірнеше тақырып бойынша көпшіліктің назарына ұсынылды. Шараға жиналған жұрт әсіресе «Ұлттық шапандар дефилесін» қызыға тамашалады.
– Басты мақсатымыз қазақтың ұлттық құндылығын көпшілік қауымға насихаттау, көрсету. Мүмкіндігінше ұлттық бұйымдардың мәні мен маңызын, түп негізін түсіндіру. Сондықтан да бүгінгі «Оюлар сөйлейді» атты фестиваль-жәрмеңкені бірнеше тақырыпқа жіктеп өткізіп жатырмыз, – дейді кітапхана қызметкері Жанат Мәуітовна.
Фестиваль-жәрмеңке «Қолөнер шеберлері», «Ұлттық шапандар дефилесі», «Ұлттық ыдыс-аяқтар», «Сырмақтар сыры», «3D-технологияда – ұлттық киімдер үлгісі» атты тақырыптар бойынша көпшілік қауым назарына ұсынылды.