Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкімен Өскемен қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі жоба бойынша тиісті келіссөздер басталды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстанда қалпына келетін энергия көздерін енгізуге қатысты да ауқымды жұмыстар қолға алынған.
– Бұл бағытта облысымызда төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың төртеуі де EXPO-2017 халықаралық көрмесінде қонақтар назарына ұсынылған болатын. Атақарылып жатқан жұмыстардың барлығы да Елбасы Жолдауындағы «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» атты екінші міндетіне сай жүргізілуде, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру жиынында.
Облыс әкімі мәлімдегендей, былтыр испандық «ARESOL» компаниясы мен «ЖаңғызСолар» ЖШС-нің «Белгіленген қуаты 30 МВт болатын күн электр стансасын салу» атты бірлескен жобасын жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Аталмыш жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп те қойыпты. Тағы бір испан компаниясы «EPGSL» қазақстандық «SpainCounsulting» кәсіпорнымен бірлесе Ұлан ауданының Тайынты ауылының маңында жел электр стансасын салу бойынша қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Бұған қоса Жаңғызтөбе кенті мен Шар қаласының маңында екі жел электр стансасын салу жөнінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
https://dalanews.kz/34301