Өскеменде Қыдыр ата үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді

Dalanews 20 нау. 2024 10:57 2810

 

Биыл Қазақстан халқы Наурыз мейрамын жаңашылдықпен һәм жағымды жаңалықтармен қарсы алуда. Бұған дейін Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың тұжырымдамасы бекітіліп, Наурызнама онкүндігі жарияланған болатын.

ШҚО жұртшылығы да жылдың басын өзгеше қарсы алып, өнегелі де рухани іс-шаралардың легін жалғастыруда. Ендігі кезекте 21 наурыз күні Өскеменде Қыдыр ата резиденциясы ашылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасы мәлім етті. Сондай-ақ осы күні Сол жағалау мұражай-қорық кешенінде Наурыз мейрамына арналған көптеген іс-шаралар өтпек.

– Сол жағалау мұражай-қорық кешенінде 21 наурыз күні ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнер шеберлік сабақтары, ұлттық  спорт ойындар өтіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңы болады. Орталық сахнада облыстың шығармашылық ұжымдары және жеке орындаушыларының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Басты оқиғалардың бірі Қыдыр ата резиденциясының  ашылу салтанаты болады, – деп хабарлады мәдениет басқармасы.

Айта кетейік, биыл ШҚО-да Аяз ата резиденциясы ашылып, жұртшылық бұл бастаманы жылы қабылдаған болатын. Ендігі кезекте Өскемен тұрғындары Қыдыр атадан бата алып, Қыдыр ата резиденциясында қонақта болмақ. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар