Өскеменде мерзімді әскери қызметшіге іздеу жарияланды

Өскеменде мерзімді әскери қызметшіге іздеу жарияланды
ашық дереккөз

Өскеменде әскери полиция мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбазды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

2004 жылы туған қатардағы жауынгер Мархан Айқын Ерланұлы 23 шілде күні таңғы сағат 06:30 шамасында қызмет орнын тастап кеткен. Ол зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасының тәуліктік кезекшісі қызметін атқарған.

Алдын ала ақпарат бойынша, әскери қызметші әскери бөлім аумағынан әскери киіммен шыққан. Алайда кейін азаматтық киімге ауысқан болуы да мүмкін екені айтылды. Оның өзімен бірге қару алып шықпағаны нақтыланды.

Іздеуде жүрген сарбаздың бойы шамамен 177 сантиметр, салмағы – 80 келі. Дене бітімі орташа. Шашы қысқа, көзі мен шашының түсі қара. Бетінде меңдері бар.

Әскери полиция оның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.