ОСК өкілі референдумның қалай өтетінін түсіндірді

Жарбол Кентұлы 03 қыр. 2024 22:27 2637

Бүгін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы АЭС салу мәселесіне қатысты референдумды өткізу және дайындық шараларының кестесін жариялады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров алдағы 6 қазанда өтетін референдумның барысы мен оның ұйымдастыру ісі ресми түрде басталғанын жария етті.

АЭС салу мәселесіне қатысты референдум биылғы жылдың маңызды саяси іс-шара десек болады. Мұндай өзекті мәселе бұрын-соңды халықтың талқысына түспегенін бәріміз білеміз.  Сондықтан оны өткізудің тәртібімен көпшілік жақсы таныс емес. Сол себепті Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров журналситердің басын қосып, бұл мәселені еліміз үшін өзекті екенін көпшілікке жіліктеп, түсіндіріп берді. ОСК өкілі науқанның басталуы референдум өткізу турасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан күннен бастап күшіне енетінін журналситердің есіне салып өтті. Бұл шара халық дауыс бергенше, яғни, 25 күнге жалғасатын болады.

Константин Петров жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялап, референдумды өткізу жөніндегі аумақтық комиссиялар сайлау комиссияларының құрамы мен орналасуы жөнінде ақпараттарды халыққа ақпарат құралдары арқылы жеткізетінін алға тартты. 15 қыркүйекте жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін референдум учаскелеріне, сондай-ақ жоғарғы комиссиялар мен ОСК-ға электрондық түрде табсытауы тиіс. Облыс әкімдері қол қойған сайлаушылар тізімі комиссиялардың одан әрі жұмысына негіз болатыны белгілі.

Ал 26 қыркүйекте учаскелік комиссиялар сайлаушылар тізімін алғаннан кейін азаматтарды хабардар ету шараларын бастайды. Ел тұрғындары дауыс беру орны мен уақыты туралы нақты ақпаратты алып, сайлау учаскелерінің орналасуы туралы хабардарға қол жеткізетін болады.

Өз кезегінде Константин Петров дауыс беру бюллетеньдері дауыс беру күнінен үш күн бұрын және одан кешіктірмей сайлау учаскелеріне жеткізілетінін айтты. Ал 5 қазан әдеттегідей тыныштық күні болып саналады. Бұл күні үгіт-насихат жұмыстарына заңдық тұрғыдан тыйым салынады.  

6 қазанда әрбір ел азаматы референдумға қатысып, таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат  20:00-ге өз таңдауын жасайды. Кейбір жағдайларда аумақтық комиссиялар дауыс беру уақытын басқа уақытқа өзгертуі мүмкін, мысалы, вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін.

Ал дауыстарды санау учаскелер жабылғаннан кейін басталып, 12 сағаттан аспауы тиіс. Аймақтар орталық комиссияға дауыс беру нәтижелерінің жиынтық хаттамаларын 2 күн ішінде жинап, өткізуге міндетті. Бұдан кейін ОСК референдумның нәтижелерін жеті күн ішінде белгілеп, ақпарат құралдары арқылы ресми түрде хабарлайтын болады.

Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде АЭС салу туралы шешімді халықтық референдум арқылы қабылдау керектігін мәлімдеген еді. Қаңтар айында «Парасат» кәсіпкерлер альянсының үйлестіру кеңесінде Президент Тоқаевқа АЭС бойынша республикалық референдум өткізу күнін белгілеуді өтінген болатын. Осы жылдың маусым айында ол референдумның күзде өтетінін нақтылаған еді.

2 қыркүйекте қазақстандықтарға 6 қазандағы АЭС референдумында қойылатын сұрақ белгілі болды. Президент жарлығына сәйкес, қазақстандықтардан «Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ жауап беретін болады.

Сонымен қатар, ОСК Қазақстанның АЭС бойынша референдумға 15,5 миллиард теңге жұмсайтынын айта кетуіміз керек. Комиссия мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, бұл сома 63 мемлекетте орналасқан және 78 учаскеде ашылған шетелдегі сайлау учаскелерін ұйымдастыру мен өткізуді қамтиды.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар