Орнын сатып жіберген: Вьетнамға ұшпақ болған қарағандылық әуе компаниясын сотқа берді

Сағыныш Сардарова 27 қаң. 2026 11:56

Вьетнамға ұшпақ болған қарағандылық әуе компаниясын сотқа берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарағанды тұрғыны Астана-Фукуок-Астана бағыты бойынша жалпы құны 420 мың теңге болатын төрт әуе билетін сатып алған. Ұшуға бір тәулік қалғанда әуе тасымалдаушы жолаушыны рейс тоқтатылғаны туралы хабардар еткен. Рейс тоқтатылуына себеп – овербукинг, яғни әуе кемесіндегі орын санынан артық мөлшерде билеттер сатылуы.

Балама ретінде әуе компаниясы билеттердің құнын қайтаруды немесе бастапқы жоспарланған күннен 2 тәулікке кеш ұшатын Алматы-Дананг-Алматы бағытына ауыстыруды ұсынған.

274 мың теңге көлемінде ақшаның бір бөлігі қайтарылғанына қарамастан, жолаушы өзіне келтірілген материалдық шығын, моральдық зиянды алға тартып, тур агентке және әуе тасымалдаушыға қарсы сотқа жүгінген.

Сот тур агент тасымалдауға жауапты тарап емес екенін анықтаған. Сонымен қатар, овербукингке жол беріп, рейсті тоқтатқан әуе тасымалдаушының әрекеттері жолаушыға келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге негіз болып танылған.

Осыған байланысты әуе компаниясынан 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған. Сот актісі заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove