Əрине, ұсақ-түйек мақалаға бола бас ауыртпайтыныңыз белгілі. Бірақ біз көтерген мəселе ұлтқа, тілге, рухқа қатысты болса жəне ол жанды жерлеріңізге тисе, тыныш жата алмайсыздар. Сіздер үшін мұндай мақала жазған газеттер арандатушы, ал мақаланы ұйымдастырған автор ұлтшыл, ұлтараздықты қоздырушы жəне тағысын тағы. Айтар айыптауларыңыз бен тағатын кінəларыңыз көп.
Сіздер жəне біздер екі бөлек əлембіз. Ешқашан сыйыспайтын жəне ешқашан түсініспейтін. Бəлкім, солай беру керек шығар...
Себебі сіздер ешқашан да біздің сөзімізді сөйлемейсіздер, тиісінше біз де сіздер көтерген мəселені ешқашан қолдамақ емеспіз. Сонда кімдікі дұрыс? Қалай ойлайсыздар осы?
Кей кейде сіздердің пиғылдарыңыздан қорқамыз. Атышулы Тайчибеков пен одан өткен Шевцова-Валова Тәуелсіздіккке, қазақ халқына тіл тигізгенде үндемеген сіздер, керісінше, бұлардың сөзін жоққа шығарып, қарсылық білдіргенді ұлтшыл деп атадыңыздар. Солай емес пе?
Бəлкім əлгі Тайчибековтың айтқаны сіздерге майдай жаққан болар, кім білсін. Одан қалды осы уақытқа дейін түрулі іргеден тас атып, тағы да сол тəуелсіздікке тіл тигізген Жириновский пен Лимоновтар сіздердің тараптарыңыздан сын садағына ілінді ме? Біздің білуімізше, жоқ. Олардың ит терісін басына қаптаған орыстілді басылымдардың мақалаларын оқыған да, көрген де жоқпыз.
Бір білеріміз, қазақ белсенділігі сіздер үшін қауіпті болғасын мұны əрдайым жəне əрқашан теріс жағынан көрсеткілеріңіз келеді.
Біз тіл үшін күрессек те, ұлт үшін пікір білдірсек те жаманбыз. Сылтауларыңыз дайын: көпұлтты Қазақстанда мұндай мəселелерді көтеруге болмайды.
Қазақтың осы уақытқа дейін қанша дүниені жоғалтқанын жəне жоғалтқанын түгендеуге тиіс екенін түсінбейсіздер. Сіздерге бұлай айтудың өзі ақымақтық. Тыңдай білмейсіздер, себебі.
Айтыңыздаршы, сіздер үшін Тəуелсіздік мерекесі қаншалықты қадірлі? Сіздер оны қаншалықты қамтып жаздыңыздар? Орыстілді оқырман 16 Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың не үшін күрескенін жəне не үшін жан тапсырғанын біле ме?
Жалпы, тəуелсіздік тақырыбын, оның мақсаты мен мазмұнын сіздер қаншалықты қамтыңыздар осы? Ол қаншалықты айтылды?
Айтпақшы, биыл Тəуелсіздік алғанымызға 25 жыл. Сіздер соны білесіздер ме?
Одан қалды Алашорданың іргесін қалаған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы? Мұны біз ғана жазуға тиіспіз бе?
Осы уақытқа дейін айтылған, жазылған дүниелерді сараптап қарасақ, сіздер біздің басқан ізімізді аңдумен жүріпсіздер.
Қазақ басылымдарын, қазақ ұлтщылдарын көп ұлтты Қазақстанға жеккөрінішті етіп көрсету сіздердің арқаларыңыз екен.
Осы уақытқа дейін өздеріңіз «оралман» дейтін, ал біз үшін əлдеқашан қандасқа айналған қауымды қанша рет кемсіткендеріңізді санамалап берсек, он саусақ түгел бүгілер еді.
Анығында, қандастарды «дайын асқа тік қасық» қылып көрсетіп, оларды сауатсыз, білімсіз деген, одан қалды «Қара жорғаны» қазақтың ұлттық биіне жатқызбай тастаған, мына сіздер едіңіздер. Бірақ біз үндеген жоқпыз.
Себебі сіздердің де, біздердің де сыналатын шағымыз алда.
Іргедегі көршімізбен арадағы ақпараттық соғыс əлі басталған жоқ. Бірақ басталған жағдайда кім кімнің сөзін сөйлер екен?..
Аль ФРЕДО