Орыс бапкері Левиттің жеңіске жеткенін мойындады

Dalanews 16 там. 2016 05:54 738

Ресей құрамасының бапкері Эдуард Кравцовтың айтуынша, спортшылар мен бапкерлердің еңбегін дұрыс бағалау қажет. Ал Левит пен Тищенко жекпе-жегі бойынша қалыптасқан жағдай жалпы әуесқойлар боксына абырой әпермейді. Танымал ресейлік промоутер Владимир Хрюнов болса, қазақстандық боксшы Виталий Левитке шеберлігі үшін Вэл Баркер атындағы кубокты беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

– Енді, не айтуға болады, бұл жекпе-жекте кімнің жеңгенін бәрі көрді! Мен өзім әділ төрешілікті қалаймын. Сондықтан бапкерлер мен спортшылардың еңбегі тиісті деңгейде бағалануы қажет деп санаймын! Біз, бапкерлер, «станоктың» қасында тұрған адамбыз ғой. Сол себепті Виталий мен оның бапкерлеріне, жалпы бүкіл бокс бойынша «әттеген-айдан» басқа ештеңе айта алмаймыз! Өйткені ринг айналасында болып жатқан мұндай жағдайлар біздің спортымызға абырой әкелмейді. Өкінішке қарай, бұл Олимпиадада болған жалғыз жекпе-жек емес. Оны бір реттік оқиға емес, үдеріс деп атау қажет. Әрине, біздің боксшымыз да рингке жеңіске жету үшін шықты. Соның қолын көтерсе, боксшының кінәсі жоқ. Енді, қайтеміз, бергенін алдық...–  деді Кравцов.

Ал танымал ресейлік промоутер Владимир Хрюнов қазақстандық боксшы Виталий Левиттің шеберлігін жоғары бағалап, оған Вэл Баркер атындағы кубокты беру керек деп санайды. Маманның сөзіне қарағанда, Левит кәсіби боксқа ауысуға толығымен дайын.

Айта кетейік, Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындарында бокстан 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Василий Левит финалда ресейлік Евгений Тищенкодан ұтылып қалды. Жекпе-жекке баға берген үш төрешінің бәрі де Тищенконың жеңісіне күмән келтірген жоқ. Алайда рефери Е.Тищенконың қолын көтергенде залда жиналған жанкүйерлердің бәрі ысқырып, төрешілердің шешіміне өз наразылықтарын білдірді. Левиттің өзі жеңісіне сенімді болды. Алайда төрешілер басқаша шешті. Содан болар, салтанатты марапаттау рәсімінен кейін Левит күміс медалін бірден қалтасына салып алды.

Арман АСҚАРОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар