Orda.kz редакциясы жұмысын тоқтатады

Orda.kz редакциясы жұмысын тоқтатады
ашық дереккөз

Қазақстандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының бірі – Orda.kz редакциясы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы бас редактор Анна Платонова арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Редакцияның хабарлауынша, жабылу негізгі ақпараттық порталға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі барлық ресми парақшалар мен YouTube арнасына да қатысты болады. Мәлімдемеде редакция қызметін тоқтату туралы шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдағаны айтылған. Анна Платонованың сөзінше, бұл шешімнің астарында қандай да бір саяси немесе өзге себептер жоқ.

– Қызметімізді тоқтату туралы шешімнің ешқандай жасырын себебі жоқ. Редакцияның табысы оның жұмысын толық қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға алып келген басқа себептер жоқ, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ редакция өзіне алған барлық міндеттемелерді толық орындауға күш салатынын атап өтті. Orda.kz ұжымы қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын редакция атынан таралатын тек ресми мәлімдемелерге ғана сүйенуге шақырды. Мәлімдеме соңында бас редактор Анна Платонова оқырмандарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Orda.kz соңғы жылдары Қазақстандағы қоғамдық-саяси тақырыптарды тұрақты жариялап келген тәуелсіз ақпараттық платформалардың бірі ретінде танылған.