Оразада азық-түлік қымбаттай ма – министр жауап берді

Көркем Алдабергенова 26 ақп. 2025 16:40 332

Сауда министрі Арман Шаққалиев Ораза кезіндегі азық-түліктің қымбаттауына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шаққалиевтің айтуынша, бұл кезеңде сауда желілері, керісінше, акциялар өткізіп, бағаны төмендетуге тырысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатады.

“Олар бұл кезеңде пайда табуды мақсат етпейді, керісінше, мәрттік танытып, бағаны төмендетуге бағытталған түрлі акциялар өткізеді. Біз жалпы баға өзгерісін оразамен байланыстырмаймыз”, – деді Сауда және интеграция министрі.

Еске салайық, 2025 жылдың діни күндер кестесіне сәйкес, биыл Рамазан айының алғашқы күні көктемнің бірінші күніне, яғни 1 наурызға сәйкес келетінін хабарлаған едік.

"Дегенмен жаңа айдың көрінуіне байланысты бұл күндер бір күн алға не бір күн кейін шегерілуі мүмкін екенін ұмытпау керек",  - деп хабарлады ҚМДБ.

Діни басқарма Рамазан айы басталмай тұрып, өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін толықтыру керегін ескертті.

Сонымен қатар Астана қаласы "Діндерді зерттеу орталығының" исламтанушы-лекторы Арман Нұрахметұлы Рамазан айына байланысты бірқатар кеңесін ұсынды.

Кім ораза ұстауға міндетті?

Оразаның мұсылмандарға парыз болатын шарттары:

- балиғат жасына жету;

- ақыл есі дұрыс болу;

- ораза ұстаушының денсаулығы жарамды болуы;

Рамазан айында күнделікті күнде оразаны қалай ұстау керек?

 Таң атқаннан (таң намазының басталу уақыты) күн батқанға дейін (кешкі ақшам намазының басталуына дейін). Осы уақыт ішінде ішуге, тамақ жеуге және жұбайыңызбен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Демек, ақшам намазы уақыты кіргеннен бастап, таң намазына дейін (кешкі және түнгі уақыт аралығында), аталмыш тыйымдар рұқсат етіледі;


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар