Оралда жалған туристік қызмет көрсетіп, 25 млн теңге жымқырған алаяқ сотталды

Ақтоты Жапатова 16 мау. 2025 11:26

Орал қаласында әлеуметтік желілер арқылы туристік қызмет түрімен жасалған алаяқтық әрекет әшкереленді. Қала тұрғыны анасын жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, заңды кәсіпкерлік қызмет түрін бүркемелеп, жалған туристік бағыттарды ұсынған,- деп хабарлайды Dalanews.kz БҚО прокуратурасына сілтеме жасап.

Ол әлеуметтік желілерге жарнама орналастырып, клиенттермен ресми келісімшарттар жасаған, фискалдық чектер берген және мессенджерлер арқылы байланыс жүргізіп отырған. Осы тәсілдер алаяқтың қызметіне деген сенімді арттырып, азаматтардың алдануына себеп болған.

Нәтижесінде 15-тен астам адам оның құрбанына айналып, жалпы шығын көлемі 25 миллион теңгеден асқан.

Орал қалалық сотының үкімімен ол екі немесе одан да көп адамға қатысты аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот үкімімен оған 7 жыл бойы туризм саласында кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.

Құзырлы органдар тұрғындарды интернет арқылы көрсетілетін қызмет түрлеріне сақтықпен қарауға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар