Орал қаласында жергілікті азаматтық белсендіге әлеуметтік мәселелерді көтеруді көздеген бейбіт пикет өткізуге рұқсат берілмеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қала әкімінің орынбасары Аслан Тапишевтің жауабына сәйкес, 9 қазан күні Абай алаңында студенттік ұйым ұйымдастырған «Жастар фестивалі» өтетіндіктен, пикетке рұқсат берілмеген. Ол тұрғынды келісілмеген акцияға шыққан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да ескерткен.
Белсенді Бекболат Өтебаев пикетті 9 қазанда өткізуді жоспарлап, 22 қыркүйекте әкімдікке хабарлама жіберген. Алайда 24 қыркүйекте ресми түрде бас тарту жауабы келген.
"Қазақстан билігі халықпен келісімге келуді қаламайды. Зейнет жасын төмендету, коммуналдық қызметтер, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсуін тоқтату сияқты заңды талаптарға тыйым салып отыр", – деді Өтебаев.
Құқық қорғаушылардың сыны
Қазақстандық құқық қорғаушылар «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңды талай мәрте сынға алған. Олардың айтуынша, билік бейбіт акцияларға рұқсат бермеген жағдайда, балама орын немесе уақыт ұсынбайды. Бұл тіпті жалғыз адамдық пикеттерге де қатысты.