Оралда алименттен қашқандарға соққы: балаларға 734 млн теңге қайтарылды

Самал Асқар 09 ақп. 2026 10:34

Оралда алимент төлеуден жалтарған ата-аналарға қатысты қатаң шаралар нәтижесінде 2025 жылы кәмелетке толмаған балалардың пайдасына 734 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды Dala News.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы алимент өндіруді күшейту аясында борышкерлерді анықтау, мәжбүрлеп орындату және қылмыстық жауапкершілікке тарту тетіктерін белсенді қолданған. Нәтижесінде сот шешімдерін елемей келген ондаған адам заң алдында жауап берді.

Прокуратура мәліметінше, тексеру барысында алимент төлеуден қасақана жалтарып, жұмысқа орналасудан әдейі бас тартқан борышкерлер анықталған. Солардың бірі бірнеше жыл бойы баласына бір тиын да төлемей, қарызын 1,7 млн теңгеге дейін жеткізген. Ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттың үкімімен Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Жалпы алғанда, алимент төлемегені үшін алты адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, сот актілерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 185 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 416 баланың құқығы қорғалып, 288 алимент қарызы бар азамат жұмысқа орналастырылған. Қадағалау органы алимент — «ерікті көмек» емес, заңмен бекітілген міндет екенін атап өтті.

Прокуратура алдағы уақытта да алименттен жалтарғандарға қатысты жазаны күшейту, балалардың әлеуметтік құқықтарын қорғау және борышкерлерге «жұмсақтық болмайтынын» нақты іспен көрсету жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove