Мәскеуде жүрген Орал қаласының тұрғыны Жазылбек Әжғалиевті Ресей полициясы үш тәулік бойы ұрып-соғып, Украинадағы соғысқа келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлемек болған. Бұл туралы оның әпкесі Маруа Ескендірова әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Уральская неделя басылымына сілтеме жасап.
Мәскеуге жұмыс іздеп барған
Маруа Ескендірованың айтуынша, Жазылбек 2025 жылдың желтоқсан айының басында ағасы Батырбекпен бірге Мәскеуге жұмыс істеуге кеткен.
Оның сөзінше, бұл шешім отбасының ауыр қаржылық жағдайына байланысты қабылданған.
«Ағамның үш баласы бар, екі несиесі бар. Амалсыздан Ресейге жұмыс іздеп кетті», – дейді Маруа.
Жазылбек Мәскеудегі «ТРИ СЕСТРЫ» клиникасына мейіргер болып жұмысқа орналасып, уақытша тіркеуге құжат тапсырған.
Құжат алуға кеткен соң хабарсыз жоғалды
2026 жылғы 18 қаңтарда Жазылбекке Сахаров көшесінде орналасқан көші-қон орталығынан қоңырау шалып, құжаттарының дайын екенін айтып, келіп алуды сұраған.
Ал 19 қаңтар күні таңғы сағат 06:00-де ол өз нөмірінен такси шақырып, көші-қон орталығына жол тартқан. Сол кеткеннен қайтып оралмаған.
Маруа Ескендірованыӊ айтуынша, оның телефоны бір сағаттан кейін өшіп, содан бері қосылмаған. Қай таксиге отырғаны да белгісіз.
Сол күні кешке ағасы Батырбек полицияға адам жоғалғаны туралы арыз жазған. Алайда құқық қорғау органдары оны тек үш тәуліктен кейін іздей бастайтынын айтқан.
Осыдан кейін Маруа Ескендірова Орал қаласындағы полицияға да арыз түсірген. Онда оған Ресей ІІМ-інен Жазылбектің Мәскеуде жоғалғаны жөнінде бағдар берілгені хабарланған.
«Электрошокермен ұрып, басына қап кигізген»
22 қаңтар күні таңертең Жазылбек туған-туыстарына өзі хабарласқан. Ол сол сәтте Алматы әуежайында болған.
Маруа Ескендірова бауырының ауыр күйде екенін айтады.
«Ол қатты шок алып қалған», – деді ол.
Жазылбектің айтуынша, 19 қаңтар күні таңертең ол Сахаровтағы көші-қон орталығына келгенде, қызметкерлер «бес минут күтіңіз» деген.
Сол сәтте ғимарат есігінің алдында ресейлік полицейлер келіп, оны ұстап әкеткен.
«Оны электрошокермен есеңгіретіп, телефонын тартып алған. Басына қап кигізіп, бөлімшеде апарған», – дейді әпкесі.
Үш тәулік азаптаған
Маруа Ескендірованыӊ сөзінше, Жазылбек үш күн бойы аяусыз соққыға жығылған.
«Оны үш тәулік бойы ұрып-соғып, электрошокермен азаптаған. Осы уақыт ішінде әскери комиссариаттан үш рет адам келіп, Украинадағы соғысқа келісімшартқа қол қоюды талап еткен», – дейді ол.
Жазылбек болса бұл талаптан үзілді-кесілді бас тартқан.
«Өлтірсеңдер де қол қоймаймын», – деп жауап берген ол және өзін Қазақстанға депортациялауды талап еткен.
Қазақстанға күштеп депортацияланған
Маруа Ескендірованың мәліметінше, 21 қаңтарға қараған түні Жазылбек Әжғалиев Ресейден Қазақстанға депортацияланған.
Оны Алматыға ұшатын ұшаққа отырғызып, елден шығарған.
Қазір Жазылбек Қазақстан аумағында. Оның жағдайы мен оқиғаның құқықтық бағасы бойынша ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.
