«Былтыр байқау қатысушыларының жас ерекшелігіне, мамандығына шектеу қойылмаған еді, биыл бұл бәсеке тек қана 7-11 сынып оқушылары арасында өткізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың 15 ақпанында басталып, 15 сәуірде аяқталатын болған. Бірақ ата-аналар және ұстаздардың сұрауымен конкурс мерзімін 25 мамырға дейін ұзарттық», - дейді «Туған өлкем» байқауының жауапты редакторы Жанат Қапалбаева.
Конкурсқа ұсынылатын шығармалар өңірдің дамуы, сол аймақтағы танымал жандар, бизнесмендер, қызықты кейіпкерлер, жастар мен олардың жасампаз бастамалары, ауыл ақсақалдары, ауыл-аймақтың тарихы мен табиғаты, туристік мүмкіндіктері сияқты сан түрлі тақырыпты қамтуы тиіс.
«Туған өлкем» байқауына саясаттанушы Айдос Сарым бастаған комиссия қазылық етеді.
Комиссия құрамында журналист Нұрлан Махмұдов, жазушы Сәкен Сыбанбай, «Білімнұр» порталының редакторы Ізгілік Нағиев, танымал журналистер Жәзира Бегалы, Полина Шиманская, Өміржан Әбдіхалықұлы, Серік Мәмбетов, Назира Дәрімбет, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай және география ғылымдарының кандидаты, доцент Санат Түгелбаев бар.
Жүлде қоры – 500 мың теңге. Бірінші орын иегеріне – 100 мың, екі 2-орынға 50 мың, ал үш 3-орын жүлдегерлеріне – 30 мың теңгеден бұйырады. Бір ерекшелігі – биыл қатысушы оқушылардың жетекші ұстаздарына да арнайы сыйлық қарастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысуда белсенділік танытып жатқан өңірлер – Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы екен.
Айта кетейік, сөз сайысына қатысам деген оқушылар көлемі кем дегенде 1 беттік мақала жазып, jannur2@gmail.com және novoekz@gmail.com (екі поштаға) жіберуі керек. Материалды фото және бейнематериалмен көркемдеуге болады. Байқауға қатысушы барлық ұстаздар мен оқушыларға қатысушы сертификаты және алғыс хат тегін беріледі.
Конкурс жөнінде қандай да бір сұрақтар туындаса, мына нөмірге хабарласыңыздар: +7 747 533 1883 (Whatsapp, Telegram)