Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі лицензиядан кейінгі бақылау жүйесі енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ел бойынша 880-нен астам жекеменшік мектеп бар. Оның ішінде 785-тен астамы цифрландырылған және қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс ала бастады. Жалпы лицензия мәселесіне келсек, біз кадрлық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлеміз. Себебі көптеген мектепте маман тапшылығы байқалды", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Лицензиядан кейінгі бақылауды жүзеге асыру Бас прокуратура мен өңірлердегі уәкілетті органдарға жүктелді.
Тексеру кезінде негізгі өлшемдер ретінде оқу процесінің сапасы, педагогтердің біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралатын болады.
"Ғимараттарға қатысты да мәселе бар. Өздеріңіз білесіздер, кейбіреулер мектептерді моншада немесе қоймада ашып, он жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Соңғы бес жылда тіпті мемлекеттік тапсырыс алғандары да бар. Біз мұндай заңбұзушылықтарды жоятын боламыз", - деді министр.
