ОҚО мен Біріккен Араб Әмірліктерінің сауда-экономикалық байланысы нығая түспек

Dalanews 06 мау. 2017 10:07 732

Біріккен Араб Әмірлігі Оңтүстік Қазақстан облысымен сауда-экономикалық  ынтымақтастықты арттырғысы келеді. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде  Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф мәлім етті.

Кездесу барысында екіжақты  қарым-қатынас пен  бірлескен жобаларды  іске асыру барысы талқыланды. Атап айтқанда, Әмірлік  кәсіпкерлері  Шымкенттен қант зауытын салуға ұсыныс білдіріп отыр. Сонымен қатар  оңтүстіктен тұрақты түрде  тірі қой сатып алуға ниетті.  Қос тарап кездесуде  «Шымкент – Шарджа – Шымкент» бағытында әуе рейісін ашу жайын да талқылады.

«Бүгінде екі ел арасындағы инвестициялық тартымдылық жоғары деңгейде. Осыны ескере отырып, Біріккен Араб Әмірліктері Оңтүстік Қазақстан облысынан қант зауытын салу жөніндегі ұсынысы өз күшінде екенін айта кеткім келеді. Сондай-ақ араб елі өзге де салаларда қарым-қатынасты нығайтуды жоспарлап отыр», - деді өкілетті елші.

Жансейіт Қансейітұлы өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан жасалған инвестициялық ұсыныстарды толығымен қолдайтынын жеткізді. Өңір басшысы  БАӘ-нің  ірі сауда орталықтарынан  оңтүстік өнімдерін сататын бөлімдер ашу мәселесін де қозғады.

– Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы  байланыс бұдан әрі нығая береді деген сенім мол. Бұл ретте бірлесе қолға алынып отырған жобаларды неғұрлым қысқа мерзімде іске асыру маңызды, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Кездесу соңында елші Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шарджа арасында бауырластық-ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуды мақсатында   оңтүстік делегациясын қонаққа шақырды.

Айта кетейік, Шарджа – БАӘ-нің   мәдени астанасы  саналады. Аумағы 2600 шаршы шақырымды құрайды. Халқы шамамен 464 мың. Шарджа барлық солтүстік әмірліктердің әлеуметтік-экономикалық дамуында басты рөлді атқарады.

 

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар