ОҚО-да омарташылар кооперативі құрылады

Dalanews 03 шіл. 2017 14:50 630

Оңтүстік Қазақстан облысында омарташылар кооперативі құрылады. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытып, шетелдік туристерді көптеп тартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ оңтүстік омарташыларының бірлесіп, ұжымдасып жұмыс істеуіне ықпал ететін болады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапарында мәлім етті.

Қазығұрт ауданының табиғаты омарташылар үшін өте қолайлы. Таулы  өңірде бүгінде бал арасын ұстайтын жеке кәсіпкерлердің саны 20-ға жуықтайды. Олардың арасында Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданынан келіп, қолайлы жер таңдап, бал өндіріп отырғандар да аз емес. Солардың бірі сарығаштық Сергей Маринков 10 жылдан бері омарташылықпен айналысып келеді. Ол бүгінде Қазығұрт ауданы Сабыр Рақымов  ауыл окурігі маңындағы жол бойында бал арасын ұстап, табиғи таза өнім өндіріп отыр. Облыс әкімі аудандағы сапары барысында Сергейдің омартасына арнайы тоқтап, жұмысымен танысты.

 «Омарташы болу – жақсы кәсіп. Табиғаттың керемет жерінде бал арасын өсіріп, таза табиғи өнім алып отырған осындай омарташыларға қолдау білдіріп, басын қосып,  кооператив құру қажет. Сонда ғана жұмыс жүйеленіп, омарташылық кәсіпті дамытуға жол ашылады. Сондықтан алдағы уақытта оңтүстіктегі омарташылардың басын қосып, алдағы жоспарларын талқылайтын боламыз», - деді Жансейіт Қансейтұлы.

Сергей Маринков облыс әкімінің бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізіп, бал өндіру ісіндегі жылдық табысының құпиясымен бөлісті.

«Омарташылықпен інім, әкем үшеуміз айналысамыз. Сарыағаш ауданынан арнайы келіп, осында орналастық. Бүгінде тұрақты алымсақтар үшін балымыздың бір келісін 1500 теңгеден босатып жатырмыз. Жалпы бір маусымда 3,5 тоннадай бал өндіреміз», - дейді Сергей Маринков.

Өңір басшысы алдағы уақытта қазығұрттық балды брендке айналдырудың жолын қарастыру қажеттігіне тоқталды. Өңірімізге келетін туристерге балды қолжетімді ету үшін облыс орталығындағы қонақ үйлерге бал өнімдерін пакеттеп ұсыну көзделіп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар