ОҚО-да биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен 730 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады

Dalanews 02 ақп. 2018 02:58 981

Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 721,1 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға өсіп отырғандығын көрсетеді.

Тапсырылған үйлердің 436,2 мың шаршы метрі – көпқабатты болса, 284,9 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үй. Ағымдағы жылы 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 233 инвестициялық жоба іске асырылған. Олардың құрылысына ҚР Ұлттық қоры, республикалық және облыстық бюджет қаражаттары есебінен 66,4 млрд. теңге қаралған болатын. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артып отыр.

– Биыл облыс аумағында жалпы республикалық және облыстық бюджеттен бағытталған 52,5 млрд. теңгеге жалпы 186 инвестициялық жобаның құрылысын іске асыру жоспарда. Сондай-ақ, өткен жылы жоспардағы 233 нысанның 115-і пайдалануға берілді. Қалған 118 нысан 2018 жылға өтпелі. Ұлттық қордан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 35 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 20 мектеп пайдалануға тапсырылды. Қалған 15 мектеп 2018 жылға өтпелі, – деді Құттыбек Рахматуллаұлы.

Бұдан өзге, өткен жылы облыста мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысын аудандарда жүргізу үшін инженерлік коммуникацияларға жалпы сомасы 8,9 млрд. теңгеге 21 нысанның құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен 8 нысан пайдалануға тапсырылған.



ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33652

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар