"Оқыс оқиға емес": Прокурор Шерзаттың үйінің өртенуі туралы жаңа дерек айтты

Көркем Алдабергенова 15 қаз. 2024 13:29 3051

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың отбасының үйінен шыққан өртке қатысты жаңа мәліметтер айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Оның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, алты жүзден аса адам сұралды. Оқиға қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды.

Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзін қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистр мен резеңке қолғаптарға зерттеулер жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып жатыр", - деді Берік Адамов.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті.

Қазіргі таңда Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақ алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады.

Әленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

"Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде", - деді ол. 

Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр.

Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар