Ерекше жеті шараның бірі Ұлттық кітапханада Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде шығарылған «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» кітаптары мен Астана қаласының оқушылар сарайында «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері.
Екіншіден, «Қазмұнайгаз» компаниясының ғимаратынан бастап, «Нұржол» гүлзары бойымен «Бәйтерек» алаңына дейін «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты ежелгі тарихымыздан сыр шертетін бұйымдар тиелген түйелердің, аттардың керуені.
Үшіншісі, «Бәйтерек» алаңында бір уақытта 600 жас домбырашының орындауындағы күй. Ал төртіншіден, облыс жастары «Құрбан айт» мерекесіне орай, қоғамдық көліктерде адам көп шоғырланатын жерлерде 5 мың адамға бауырсақ, тәтті нан таратып, мерекемен құттықтайтын болады.
Бесіншіден, «Құрбан айт» мерекесінің бірінші күнінде этноауылда 5000 адамға арналып палау пісіріліп, «1 қауын, 1 қарбыз» атауымен 40 тонна қауын-қарбыз әлеуметтік төмен отбасыларға тегін таратылады. Ал «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Бөкебаев Еркінбек құрастырған қазақ арбасымен елорда тұрғындары мен қонақтарына айттық дәм ұсынылады, бұл ерекше шараның алтыншысы. Жетіншіден, 1-2 қыркүйек күндері екі қабатты ағылшын автобусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен «Мәңгілік ел», «Сарыарқа» және т.б. басты көшелерінде музыкалық шеру ұйымдастырылады.
Аталған негізгі 7 шарадан басқа да бағдарламаға сәйкес облыстың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін жалпы саны 43 мәдени көпшілік іс-шарасы өтеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі