Оңтүстікте сиырды робот сауатын кәсіпорын жұмыс істейді

Dalanews 04 сәу. 2017 04:04 808

Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы   өндірісті модернизациялау шеңберінде швед технологиясы бойынша сауу цехын іске қосып, тәулігіне 8 тонна сүт өндіруге қол жеткізді. Аталған ферма Швецияныӊ "DeLaval" компаниясыныӊ озық технологиясын пайдалана отырып салынған.  Өӊірде баламасы жоқ аталған кәсіпорын республика бойынша еӊ заманауи сүт-тауарлық фермаларыныӊ алғашқы үштігіне кіреді.

Компания кешені толығымен роботтандырылған. Кешенде бүгінде  408 бас сауын сиыр бар.  Үш мезгіл сауылатын бір ірі қараның тәуліктік орташа өнімділігі 30-32 литрге пара-пар.

Сүт-тауарлық фермасында 6 робот-сауыншы, автоматтандырылған көӊ алғыш құрал-жабдық, жемдеу үстелі, салқындату, метеостанциялы желдеткіш, сиырлардыӊ күйлілігін анықтау камералары, сүт сауу аппараттары бар сүт құбыры орналасқан. Негізгі 400 басқа есептелген кешеннің инвестициялық көлемі 9,4 млрд. теңгені құрайды. Бұл кешен облыста сүт өндірісін жаӊа деӊгейге көтеруге және импорттық өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, мұнда 6 мал дәрігері, 2 тұяқшы, 2 ұрықтандырушы жұмыс істейді. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады.

Айта кетейік, облысқа жылына 738,4 мың тонна сүт және сүт өнiмдерi қажет деп есептелінеді.  Қазіргі күні нақты өндiрiлетiнi – 740,6 мың тонна. Облыс бойынша iрi, орта және шағын сүт өндiрушi 61 агроқұрылым жұмыс iстеп жатыр.

Жаңа технология бойынша жұмыс істеп жатқан жалғыз сүт-тауарлық фермасының жұмысымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша өткен көшпелі семинарға қатысушылар танысты.

Семинар кеңесте  өңірдегі  сүт  пен құс шаруашылығында бірлескен кооперативтер құрып, өнім көлемін арттыру жайы талқыланды. Онда облыстық ауыл  шаруашылығы  басқармасының  мамандары кооперативтерді  құрудың  талаптары  мен  артықшылықтары  жайында  пайдалы мағлұматтар ұсынды. Ал  қаржы  ұйымдарының  өкілдері ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, субсидия мен несие алудың тәртібімен таныстырды.

Семинар-кеңеске қатысушылар сонымен қатар, бүгінде өнімін алыс-жақын шетелге экспорттап жатқан «Ордабасы құс» кәсіпорнының жұмысымен танысты.  Кәспорын  жылына 8110 тонна тірі салмақта күркетауық етін өндіруге қауқарлы.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар